428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында күздік рапс егіле бастады

  • 157
  • UPD: 15:59, 13.09.2020

Осыған дейін бұл дақыл мал азығы ретінде ғана қолданылатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді өндіріске де пайдаланбақ. Жетісулық шаруалардың басын қосқан жиында кәсіпкерлер мен ғалымдар рапс өндірісін жандандыру мәселелерін талқылады.

Талдықорған аймағындағы алқаптарға күздік рапс егіле бастады. Өндірістік мақсаттағы дақылды Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары сеуіп жатыр. 

Серік Абаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бөлім басшысы:

– Жоспарымыз 30-400 гектар. Тиімділігін айтатын болсам, гектарына 200 келі бидай себіледі. Оның бағасы – 200 тг. Шамамен 40 мың тг кетеді. Ал мына дақыл 5-7 келіге дейін егіледі. Оның шығымы – 2,5-3 мың гектар.

Жиында майлы дақылды егу тәсілі шаруаларға іс жүзінде көрсетілді. Әрі егістік айналымға енгізу технологиясы түсіндірілді. Мәселен, рапс күзде себіліп, жазға таман орылады. Оның орнына ерте пісетін жүгері егуге болады. Басқосуда осындай тиімді тұстары да айтылды.

Тасқын Жапарқұл, шаруа қожалық жетекшісі:

– Биылғы жылға 20 гектардай сеуіп көрейін деп отырмын. Оның келешекте өнімі де мол болатын сияқты. Жақсы жерлер болса, 30 центнерге дейін өнім алуға болады. Ерте жинап, ерте өткізетін болғандықтан,басқа дақылдарға қарағанда өтімі де дұрыс. Бағасы да қолайлы.

Облыс бойынша биыл 1000 гектарға рапс себіліп, 25 мың тонна өнім алу көзделген. Оның басым бөлігін Талдықорғандағы майлы дақыл өңдейтін зауытқа өткізу жоспарланып отыр.

Элизбар Кокбаев, зауыт директоры:

– Біз шаруалар әкелген өнімнен сынама аламыз. Мемлекеттік стандартқа сай болса, екі сағат ішінде оларға ақшасын төлеп береміз. Бағасын нарық реттейді. Мәселен, бүгінгі күні рапстың тоннасы 460 доллар тұрады.

Рапс майы металлургия, жеңіл өнеркәсіп, биоотын дайындау ісінде кеңінен қолданылады. Сол себепті әлемде үлкен сұранысқа ие. Бірлескен бастама жүзеге асса, Жетісу жерінде майлы дақыл өңдеу ісі жолға қойылады. Соған сәйкес еліміздің экспорттық әлеуеті де арта түспек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы