420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңісовтер отбасымен өрт сөндіру саласын таңдаған

  • 90
  • UPD: 16:06, 13.09.2020

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетаудағы құтқарушылар дайындайтын білім ордасынан талай білікті маман түлеп ұшты.

Бүгінде олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр. Кейбірі тіпті отбасымен осы саланы таңдаған. Солардың бірі – азаматтық қорғаныс капитаны Асланбек Жеңісов. Қазір ол келіншегімен бірге ақмолалық өрт сөндірушілер сапында елге еңбек етеді.

27 жастағы Асланбек Жеңісов қазір жас та болса, бас боп жүрген жайы бар. Оқу бітіре сала бес жыл бойы өртпен арпалысқан ол бүгінде өзінен кейінгілерге тәлім-тәрбие береді. Айтуынша, құтқарушы қандай жағдайға болмасын қашан да дайын болуы қажет. «Сондықтан осындай жаттығулардың маңызы зор», – дейді.

Асланбек Жеңісов, өрт сөндіруші:

– Тілсіз жау қай жақтан келетінін, қай уақытта жанатынын білмейміз. Біз осындай әртүрлі баспалдақ арқылы 2-3 қабатқа мініп, адамдардың өмірін құтқарамыз. Өрт сөндіру киімімен өртке кіреміз. Оның өзі тыныс алу аппаратымен 30 келі болады. Сол үшін әрдайым дайындықта болуымыз керек.

Ал Асланбектің келіншегі Арайлым – өрт сөндіру бөлімінің диспетчері, яғни тілсіз жау туралы суыт хабарды алдымен еститін адам. Бірақ ол қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр.

Айтпақшы, жұбайлар осы салада табысқан. Арайлымның айтуынша, оқиға орнына бармағаны болмаса, ондағы жағдайдың барлығын бақылауда ұстап отырады. 

Арайлым Жеңісова, өрт сөндіру бөлімінің диспетчері:

Олар жеткен соң маған хабарласады. Мен уақытын жазып аламын. Олар маған өрт бойынша қысқаша мәлімет береді. Сосын өздері қай уақытта өрт жойылғанын, қай уақытта оқиға аяқталғанын хабарлап отырады. Алғашында жұмысқа орналасқан кезде қиындау болды. Бірақ уақыт өте келе өз жұмысымды жақсы көріп, үйреніп кеттім.

Отасқандарына 4 жылға жуықтаған Асланбек пен Арайлым қазір бір қыз тәрбиелеп отыр. Ал аналары Маржангүл апай әрдайым олардың тілеуін тілеп, батасын беріп келеді. Айта кету керек, бұл әулетте өрт сөндірушілер династиясы қалыптасып келе жатыр. Себебі Асланбектің әкесі де құтқарушы болған.

Маржангүл Әубәкірова, Асланбек Жеңісовтің анасы:

– Жолдасым өмірден өтті. Осы саладағы алғашқы жолдасымнан басталды. Екіншіден, ұлым өзі әскери саланы таңдады. Қарағандының Суворов мектебін бітіріп, Алматының әскери институтына бару керек еді. Бірақ әкесінің қалауымен өрт сөндірушілер институтын таңдады. Балам да әке жолын жалғастыруға келісті.

«Ал болашақта немерелерім де осы саланы таңдап жатса, қарсы емеспін», – дейді Маржангүл апай. Бастысы, аталары секілді елге еңбегі сіңетін абыройлы азамат болса, болғаны. Айта кетейік, қазір Ақмола облысында қазір 20 шақты отбасы жанұясымен төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы