424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шахтинск қаласында еңбегімен ел құрметіне бөленген шахтерлер отбасы тұрады

  • 114
  • UPD: 21:34, 13.09.2020

Қазақстан Мұстафин ақсақалдан өрбіген әулеттің 8 баласы қазір «Қазақстан» шахтасында еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма?

Қанат Мұстафин күн сайын жанын шүберекке түйіп, жеті қат жер астына түседі. Ол шахтадағы ең ауыр жұмысты атқарады, шамамен 700 метр тереңдікте көмір қазады. Қауіп аса жоғары. Сондықтан бір шахтада еңбек еткенмен, ағайындылар ешқашан бір бригадада болмайды екен.  

Қанат Мұстафин, кенші:

– Ойын қылып айтамыз, бригада жинау керек еді деп. Әрқайсымыз әр учаскеде жұмыс істейміз. Екі балам Ардақ, Арман учаскеде істейді. Тағы бізбен бірге күйеу балаларым істейді.

Әулеттің әкесі Қазақстан Мұстафин соғыстан кейінгі жылдары жер астында еңбек еткен. Кейін 4 ұлы да ақсақалдың жолын қуып, кенші болады. Бір қызығы, Қазақстан қарияның балалары түгелдей «Қазақстан» шахтасына жұмысқа тұрған. Қазір немерелері де осында.    

Арман Қазақстан, кенші:

– «Қазақстан» шахтасында істеймін. тегім «Қазақстан» болған соң бірге жұмыс істейтін жігіттер «сен қарапайым жұмысшы емес, сен басшы болу керексің» деп қалжыңдайды. Әрі қарай ойлап отырмын, әйелімді де мүмкін шахтаның бір жеріне жұмысқа тұрғызсам деп. Алла жазса, мүмкін балаларымыз да баратын шығар.

Қазақстан ақсақалдан тараған 4 ұлдың үлкені қайтыс болған. Қанат Мұстафин – қазір әулеттің баскөтерері. Балаларын жастайынан еңбекке баулығандықтан болар, оның да екі ұлы Ардақ пен Арман кенші мамандығын таңдапты. Енді кенжесі де жуырда осында жұмысқа тұрмақшы. Шахтерлар өте ұйымшыл, бір отбасының балаларындай бауырмал келеді. Сондықтан бұл ұжымға түскен адамның айналып кетуі екіталай дейді Ардақ Мұстафин.

Ардақ Мұстафин, кенші:

– Ұжыммен тіл табысып кеттік. Демалыста да бір-бірімізге көмекке барып тұрамыз. Өте ұйымшыл ұжым.

Әзірге «Қазақстан» шахтасында үлкен әулеттің 8 баласы еңбек етеді. Жиендері мен күйеу балалары да осында. Бірақ бір жерде жұмыс істегенмен, бауырларын да өте сирек көреді. Тек жаңажылдық мерекеде ғана бас қосамыз дейді Қанат Мұстафин.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы