429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде жөндеу жұмысы жылдарға созылған жол тұрғындарды әбден қажытты

  • 175
  • UPD: 09:50, 14.09.2020

Өскеменде бір емес, бірнеше жыл бойы жөнделіп бітпей жатқан автожол көлік жүргізушілерін әбден қажытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

2017 жылы басталған ондағы жұмыстар әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Талай рет орта жолдан тоқтап қалғандықтан, тұрғындар бұл шаруа биыл тағы да аяқсыз қала ма деп алаңдаулы. Ал аталған бағыт бойынша көлік ағыны көп.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл жолдың тұрғындар мен көлік жүргізушілері үшін маңызы зор. Өйткені осы бағытпен әр жаққа қатынауға ыңғайлы. Оның үстіне маңайда бір емес, бірнеше саяжай бар. Он жылдан астам уақыт бойы бірде-бір жөндеу жүргізілмеген жолға техника келіп, жөндеуге кірісе бастағанда жұрт қатты риза болған еді. Алайда содан бері мінекей, төртінші жыл. Құрылыс әлі жүріп жатыр. Не бітпеді, не қоймады.

Юрий Смоляков бұл Тоғас көшесіндегі автожолда жөндеу жұмыстары басталғалы бері бақылап келеді. Өйткені осы маңда саяжайы бар. «Соған баратын жол түзелетін болды-ау» деп қуанған екен. Алайда құрылыстың ұзаққа созылғаны әбден әуреге салыпты. Өйткені қазір саяжайына жету бұрынғыдан да қиындап кеткен.

Юрий Смоляков, тұрғын:

- Бұл құрылыс мен қателеспесем, осыдан  3-4 жыл бұрын басталған еді. Содан бері бақылап жүрмін. Көп-көрім бастап, содан соң тоқтап қалды, одан кейін қайта басталып, қайта тоқтады. Биыл жаз бойы созылып, жұмыс әрең жүріп жатыр еді, міне, енді ғана жандана бастапты. Осы беті толығымен аяқтап, халыққа ұсынса жақсы-ақ болар еді.

Бітпей жатқан шаруаны әкім-қаралар кеп қайта-қайта көріп, ақыры мердігер компанияны сотқа беріп тынды. Жауапсыздықтары үшін. Бірақ ол компания өкілдері «құрылыстың созылуына маңызды себептер бар» дейді. Жоба 2017 жылы күзде қабылданғандықтан, жұмыс климаттық қолайсыздыққа орай ол жылы жүрмей қалған. Ал 2018 жылы жобаға түзетулер жасалғандықтан, жұмыс тоқтаған. Сөйтіп, мердігер көп уақытын жоғалтқан. «Енді іс жүре бастады-ау дегенде әлемдік пандемия қолбайлау болды», дейді.

Евгений Проневич, жоба жетекшісі:

- Шілде-тамыз айларында жұмысымыз тоқтап қалғаны рас. Оны жасырмаймыз. Себебі бас фирмамыздың тарапынан қаржыландыру болмай қалды. Пандемияға байланысты онда қаржылық қиындықтар болды. Біз әкімдікпен келісім бойына алдын ала төлеммен жұмыс істемейміз. Тек әрбір кезеңді аяқтаған соң ғана олар бізбен есеп айырысады. Сондықтан бастапқыда өз қаражатымызды жаратып отырамыз.

COVID19 өршіп тұрған кезеңде екі бірдей бригада суық тиіп ауырып жатып қалған. Сөйтіп, жұмыс күші де азайып шыға келіпті. Осылайша, қаптаған келеңсіздіктерден құрылыс компаниясы «енді ес жиып, қарқын алдық», дейді. Дегенмен, жұмыс күрделі. Мысалы, жол үстінен ағатын лас су іргедегі Ертіске құйылмас үшін оны сүзіп өткізетін құрылғылар орнатылу керек. Ал оны қоюға көлкілдеген су кедергі келтіруде.

Әкімдік өкілдері «бізге қырық себеп емес, құрылыстың жүргені керек» деп нақтысын айтты. Сондықтан да сотқа берген екен. «Алайда қазір жұмыс жедел жүріп жатқандықтан, екіжақты келісімге кеп, шағымды кері қайтарып алуымыз мүмкін», дейді. Әйтпегенде бұл жоба әлі бірнеше жылға жалғасуы бек мүмкін.

Ерназ Мұқатаев, қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнде қазір қыркүйек айының аяғына дейін жұмысты орындаса, сот шешімінің қайтарылуы мүмкін, ары қарай келісімдерге келіп, ортақ келісімге келеміз.

Құрылыс компаниясының басшылығы «енді көлік жүргізушілеріне ешқандай қолайсыздық болмайды» деп отыр. Өйткені жалпы жұмыстың 70%-ке жуығы біткен. Келесі жылғы көктемнен асфальт қабаттарын төсеу жұмыстары жалғаспақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы