420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоба қолға алынды

  • 57
  • UPD: 11:29, 14.09.2020

Атырау облысында балық түрлерін жасанды тоғандар мен шарбақтарда өсіруга арналған кешенді жоба қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ негізінен бағалы бекіре тұқымдас балығымен белгілі. Алайда, балықтардың табиғи ортада өсіп жетілуіне кедергі көп. Сондықтан өңірде аквамәдениет және Жайық-Каспий бассейніндегі биоалуантүрлілікті зерттеуга арналған жоба жүзеге аспақ.

Атырау облысы – балық өнеркәсібін өркендетуге қолайлы өлке. Мұнда бағалы бекіре тұқымдастардың негізгі қоры сақталған. Сондай-ақ мұнайлы өңірде жылына 7,5 млн дана бекіре шабақтарын өсіретін екі зауыт жұмыс істейді. Бірақ соған қарамастан, балық қоры жыл санап азайып барады. Мысалы бекіре тұқымдастардың ішінде жойылудың аз-ақ алдында тұрған қортпа балығы былтыр мүлде кездеспеді. Биыл екі балық ауланып олар бекіре шабақтарын өсіру зауаттарына тапсырылыпты. Осыған орай облыстық орман шарушалығы және жануарлар дүниесі инспекциясы және сала мамандары бірлесіп келелі істі қолға алды.

Мәншүк Темешова, Ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің басшысы:

- Бекіре тұқымдас балықтардан басқа тоғанды түрде және шарбақты шаруашылқтарында дөңмаңдай және ақ амур балықтарын өсіруге болады. Оған себеп – Жайық-Каспий бассейнінің қоректік ресурстары өте мол. Еділ өзенінің гидрологиялық және гидротехникалық құрамына өте ұқсас.

Атырау балықшылары айдыннан жылына 13 мың тоннадан астам су маржанын тереді. Бірақ олар табиғатқа тәуелді. Яғни, өзендер мен теңізде балық болса, кәсіп жүреді болмаса, жоспар орындалмайды. Ол үшін тауарлы балық шаруашылығын дамыту керек. Десек те, 2019 жылғы Жайық өзеніндегі апаттан соң бұл кәсіпке деген құлшыныс кеміп кетті. Сол кезде шарбақты шаруашалықтар 103 тонна бағалы бекіре балығынан айырылып қалған еді. Тоған шаруашылығына қолбайлау болып отырған тағы кедергі: балықтардың жемі жеткіліксіз. Шарушалықтардың жалпы табысының 50%-і шет елдерден азық алуға  кетеді екен. Мамандар енді балық азығын жергілікті жерде өндіруді ұсынып отыр.

Асқар Қамелов, «Қазэкожоба» мекемесінің бас ғылыми қызметкері:

- Артемия деген ескек аяқты шаян тәріздес жәндік бар. Оны Индердегі тұзды көлдерде өсіруге болады. Оның ұсағы шабақтарға, ірісі ересек балықтарға аса құнды азық. Оған Атыраудың климаты да қолайлы. Осы шаян түрін қолдан өсірсек, балықтардың азық мәселесін шешуге болады.

Әлемдік нарықта Каспий балығына сұраныс өте жоғары. Балық бизнесіне бет бұрған компаниялар көксерке, табан, сазан балықтарын ТМД мен Балтық бойындағы мемлекеттерге, тіпті алыс Еуропаға экспорттап отыр. Егер өңірде тауарлы балық шаруашылығы құрылса, өнімге сұраныс бар. Ендеше қолға алынып жатқан кешенді жоба жүзеге асса, балық өнерксібінің көкжиегін кеңейтері анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы