426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазавиаорманқорғау» мамандары Іле Алатауындағы ірі өртті сөндірді

  • 110
«Қазавиаорманқорғау» мамандары Іле Алатауындағы ірі өртті сөндірді

«Қазавиаорманқорғау» республикалық мекемесінің оңтүстік бөлімшесінің мамандары тікұшақпен әуеден бақылау жүргізіп, Іле Алатауындағы ірі өртті сөндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт Алматы облысы, Талғар ауданының аумағында басталған. Аймаққа жету оңай болмағандықтан, десантшыларды тікұшақтан түсіріп кетуге тура келген. Алдын ала болжам бойынша өрт жергілікті малшылардың салғырттығынан шыққан болуы мүмкін.

Таулы аймақта болған өртті «Қазавиаорманқорғау» мамандары әуеден бақылау барысында анықтады. Талғарға жақын маңдағы дөңнің басындағы бұталар мен шөптер жанып жатты. Мұндай жерлерде ағаштар аз. Көбіне жабайы алмалар, өріктер көптеп кездеседі. Сондықтан өртті сөндіру де оңайға соқпайды. Дөңге көтерілетін жол да жоқ. Тікұшақтан өртті байқаған «Қазавиаорманқорғау» мамандары дереу жалынды сөндіруге көшті. Себебі бұл аймақ Іле Алатауы ұлттық паркімен шекаралас жатыр. Сондықтан тілсіз жаудың Тянь-шань шыршалары өсіп тұрған мемлекеттік орман қорына өтіп кету қауіпі болды.

Сергей Поляков, «Қазавиаорманқорғау» РМҚМ авиациялық-өрттен құтқару қызметінің басшысы:

– Қазір ауыл шаруашылығы жұмыстары аяқталып келеді. Демек, шаруалар өз қалдықтарын өртей бастайды. Әсіресе мемлекеттік орман қорымен шекаралас жатқан шаруаларға абай болған жөн. Бықсып жатқан шоқ талай рет өртке ұласты. Мұндайда екі тарап та жапа шегіп қалады.

«Таудағы өрт жергілікті малшылардың салдарынан да болады», – дейді мамандар. Олар жайылымды тазалау үшін от қояды. Көп жағдайда сол жалын бақылаудан шығып, қоршаған ортаға әжептеуір залал келтіреді. «Қазавиаорманқорғау» десантшылары ерекше қорғаудағы аймаққа өтіп кетпеуі үшін өртті бірнеше сағаттың ішінде сөндіріп үлгерді.

Бүгінде ерекше қорғалатын таулы аумақтарды әуеден бақылау күнде жүргізіледі. Әсіресе мамандарды Көлсай көлдеріндегі жағдай алаңдатады. Ірі қалалардан шалғай жатқан бұл жерлерге бұрындары көп адам келмейтін. Бірақ қазір Көлсай көлдері туристтердің нағыз сүйікті мекеніне айналған. Демек, бұл жерде де өрттің қаупі жоғары. Сондықтан ұлттық парктің аймағын әуеден бақылау аса маңызды. Көлсай ұлттық паркінде төрт көл бар. Жолға асфальт төселгелі бері төменгі Көлсайға келушілер көп. Орта Көлсайға жаяу немесе атпен көтерілуге болады. Ал жоғарғы Көлсай шекаралық аймақта орналасқандықтан, жабық. Таудағы төртінші көл Қайыңды деп аталады. Ол 1911 жылы жер сілкінісінен кейін пайда болған.

Якупжан Ибрагимов, Алматы авиабөлімшесінің бақылаушы ұшқышы:

– Биылғы жылғы карантинге байланысты Қазақстан шекарасы жабық болғандықтан, ел ішіндегі туризм саласы қарқынды дамып барады. Көлсай көлдерін секілді әдемі жерлер көп. Сондықтан осындай жерлерге халық демалуға келеді.

«Қазавиаорманқорғау» мекемесінде қазір жұмыс қыза түсуде. Құрғақ шөп, жел және жауын-шашынның аздығы өрт қаупін еселей түседі. Таулы аймақтарда бұл қауіп алғашқы қар түскенге дейін сақталады. Алайда Солтүстік Тянь-Шаньда қыстыгүні де өрт болғаны есімізде.

Авторлары: Алуа Маханбет, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы