426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда шектеу шаралары жеңілдетілді

  • 126
  • UPD: 20:46, 14.09.2020

Атырауда карантин режимі 28 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда кейбір шектеулер алынған. Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істей береді. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері фитнес орталықтары, шаштараздар мен сұлулық салондары да ашық болмақ.

Енді мұнайлы өңірде мейрамханалар мен кафелердің қызметі жанданады. Сенбі-жексенбіде қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат берілуі карантин кезінде қаражаттан қағылған кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық болды. Жабық ғимаратта 30, жазғы террасаларда 50 адамнан аспайтын шектеулермен енді тамақтану орындары демалыс күндері де қызмет көрсетпек.

Нұргелді Базарбаев, мейрамхана менеджері:

– Демалыс күндері біздің мейрамханада барлық санитарлық норма сақталады. Үстелдердің арасында 1,5-2 метр аралықта қашықтық сақталуда. Күніне бірнеше рет үстелдерге және басқа да нысандарға дезинфекция жасалады.

Қазір Атырау облысы бойынша 800-ден астам мейрамхана мен кафе болса, соның 500-ге жуығы мұнайлы шаһарда орналасқан. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері фитнес орталықтар мен бассейндер, моншалар мен сауналар жұмысын жалғастыра алады.

Еркебұлан Баделов, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Табыстың көпшілігі демалыс күндері түсетіндігі бәрімізге белгілі. Бұл – локдаундағы қиын жағдайдан шығу үшін кәсіпкерлерге үлкен көмек болатын мүмкіндік. Бұдан былай 3000-ға жуық кәсіпкерлік нысандар өзінің жұмысын жалғастырады.

Діни нысандар да келушілерге есігін айқара ашпақ. Қоғамдық көліктерде сенбі-жексенбі күндері қызмет көрсетеді. Алайда мұнайлы өңірде демалыс күндері сауда және ойын-сауық орындары жабық болады. Оқу орталықтарының қызметіне де уақытша тыйым салынады.

Қауіпті індеттің өршіп кетпеуі үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска киіп жүру әлі де міндетті. Бүгінде мұнайлы өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскен. Соңғы тәулікте 11 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Қазір коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы