426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда тұмауға қарсы екпе салынып жатыр

  • 88
  • UPD: 20:49, 14.09.2020

Елде тұмауға қарсы екпе салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2,2 млн дана вакцина Ресейден сатып алынған. Екпенің тегін және ақылы түрі де бар.

Зәуре Боранбаева – тәжірибелі медицина қызметкері. №6 қалалық емханада еңбек ететін ол жылдағы әдетінше тұмауға қарсы екпе салдырды. «Дертіне шипа іздеп келген науқасқа сапалы қызмет көрсету үшін өзім де сау болуым керек», – дейді. Емдеу мекемесіне 7200 екпе бөлінді. Оның 3,5 мыңы балаларға арналған.

Зәуре Боранбаева, медбике:

– Осы екпені біраз жылдан бері қабылдап жүрмін. Медицина қызметкері болғандықтан, міндетті түрде алу керек деп ойлаймын. Екпеден кейін тұмаумен ауырып көрген жоқпын. Өзімді жақсы сезінемін. Бұл екпені үйдегі бала-шағам, жолдасым – бәрі алады.

Елімізде ресейлік вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды. Оны медицина қызметкерлерінен бөлек әлеуметтік осал топ өкілдері, балалар, сондай-ақ қариялар тегін салдырады. ДДСҰ-ның ұсынысына сай әлемдегі халықтың 10% тұмауға қарсы екпе алуы тиіс. Біздің елдегі меже – 12%. Мамандардың айтуынша, коронавируспен ауырған адамдарға да тұмауға қарсы екпе салдыруға болады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Біз азаматтар саналы түрде екпе салдырады деп үміттенеміз. Былтыр жіті респираторлы вирустық инфекция мен тұмауға шалдыққандардың 61% 16 жасқа дейінгі балалар болды. Сондықтан осындай кезде иммунитетті күшейту аса маңызды. Ал екпе салдыру ауруды асқындырмауға себеп болады. Сондықтан барлық азаматты екпе алуға жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.

Елімізде 1 млн-дай екпе ақылы негізде салынады. Оның өңірлердегі бағасы 2500-4000 тг аралығында. Бірақ тұмау деп коронавирусты естен шығаруға әсте болмас.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР ДСМ ТКҚСҚБ комитетінің төрағасы:

– Қазіргі уақытта ПТР–лабораториялардың мөлшері көбейіп келе жатыр. Осы көктемде бір күнде 25 мың тексеруге дейін, ал тамыздың соңында 40 мыңға дейін жасалды. Ал қыркүйек айында қосымша 20 лабораториялық ПТР-аппараттары сатып алынған.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал біршама түзелген. Дегенмен, коронавирустың екінші толқынына дайындық тоқтамайды.

6000 орын әзірленіп, 5000 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынады. Оның жартысынан астамы – отандық өнім.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы