424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы орман қоры нақты есепке алынады

  • 117
  • UPD: 20:54, 14.09.2020

 

Сол арқылы әр ағаштың парниктік газды сіңіру көлемін де білуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елімізде экологтардың есебі бойынша 12 млн гектардан астам орман есепке алынса, тағы 700 мың гектары санаққа енбеген.

Осыншама алқап орманшылардың қорғауына әлі алынбаған. Сондықтан заңсыз ағаш кесу негізінен осындай есепке кірмеген орман алқаптарында тіркеледі. Тіпті өсімін молайту бағдарламасына да енгізілмейді.

Арнайы өлшеу құралы арқылы ағаштың биіктігі мен жасы анықталады. Ал жасына сәйкес биологиялық жағдайын да білуге болады. Мамандардың айтуынша, орман қорының нақты есебі болса, оны қорғау мәселесі де жеңіл.

Бақтияр Айтқұлов, орман шаруашылығы директорының орынбасары:

– Мынау – мемлекеттік орман қорының жері. Шекарамен шектесіп жатыр. Бұл аумақты мемлекеттік орман қорының күзетшілері күзетпейді. Оны кесіп кетсе де, ешкім білмейді.

Ешкім кесіп кетпес үшін нақты есепке алынуы керек? Ағаштың биіктігі мен диаметрін есептей отырып бір гектар жерде қанша орман қоры бар екенін анықталады. Сол бойынша мемлекеттік орман қорына қанша гектар ағаштың кіргені белгіленеді.

Дәурен Асылханов, облыстық Табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

– Есепке алынбаған ағаштарды мемлекеттік орман қорына алу себебіміз: бұлар – иесіз жатқан ағаштар. Алдын ала есеп бойынша мемлекеттік орман қорына 40-50 мың гектар қосылады. Қазір жұмыстар жүріп жатыр.

Халықаралық сарапшылар мен табиғат қорғау мамандарының мәліметі бойынша Қазақстанда әлі есепке алынбаған 700 мың гектардай орман алқабы бар. Жалпы Қазақстанда орман шаруашылықтарының көлемін кеңейтуге болады. Соңғы 12 жылда елдің шығысында орман көлемі 216 мың гектарға өсті. Енді бұл жұмысқа халықаралық қорлар да қол соза бастады.

Талғат Кертешев, Орман қорғау саласының сарапшысы:

– БҰҰ-ның даму бағдарламасы 350 мың доллар бөліп отыр. Соның бірі – Қазақстан бойынша көмірқышқылдық орман жобасы. Ол біраз мәселені шешеді. Ең алдымен, Қазақстандағы 109 мың гектар жерді алып жатқан Павлодар мен ШҚО-дағы ормандарға санау жүргізіп, оларды көбейтуді қолға аламыз.

Елімізде экологиялық ахуал мен орманды оңалту бағдарламасы әзірленіп, кезең-кезеңімен жанданып келеді. Келер жылы шығыста орман шаруашылықтарын қосымша есепке алуға 300 млн теңге бөлінбек. Ол үшін бұл салаға 1,5 мыңнан аса жас маман жұмысқа тартылмақ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы