420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қосшы елді мекеніндегі тұрғындар баспаналарының сапасына шағымданды

  • 81
  • UPD: 20:56, 14.09.2020

Елорданың іргесіндегі Қосшы елді мекеніндегі көпқабатты үйдің тұрғындары токтан қорқып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жуыну бөлмесі мен ас үйдегі электр пешіне жолай алмайды. Өйткені жаңадан бой көтерген кешенде электр тогы жерге тұйықталмаған. Сондықтан ток соғатын жағдайлар көп болады. Қауіпсіздіктің қарапайым ережесі ескерілмеген үйлерде өзге де мәселелер жетіп артылады.

Бұл – «Алтын Орда» кешеніндегі пәтерлердің бірі. Тұрғындардың мазасын қашырған ток мәселесі бүгін ғана туындаған жоқ. «Осында көшкелі бері токтан сескеніп күн кешудеміз», – дейді тұрғындар. Арзанқол материалдан жасалған баспалдақ үгіліп, кіреберістегі жақтау жөнделмеген күйі әлі тұр. Балаларға арналған ойын алаңы да жайрап жатыр. Ал көлік тұрағы – өз алдына мәселе.

Керімәлі Қалабаев «Алтын Орда» ТК тұрғыны:

– Бізде әкімшіліктің рұқсаты бар. Құрылысшыларға тіркеу жасап қойдық. Енді мына жер 90 метрлік тұрақ болуы керек. Олар не бізге істетпейді, не өздері істемейді. «Себебі ақша жоқ», – дейді.

Арнайы тұрақ болмаған соң, тұрғындар көлігін аядай аулаға қоюға мәжбүр. Көлік сапырылысқан аумақта балалардың жағаласып ойнаудан басқа амалы жоқ.

Бауыржан Әбілмәжінов, «Алтын Орда» ТК тұрғыны:

– Қыстыгүні мені көлік қағып кетті. Әйтеуір, абырой болғанда, аман қалдым. Қыста бұл жер тайғақ болады. Көлік жүре алмайды. Қолымдағы дорбам басылып қалып, бір бармағым дөңгелектің астында қалды. Қайта мен үлкен кісімін. Сақтанып келе жаттым.

Сөйтіп ауласында аяқ алып жүруге келмейтін «Алтын Орда» кешеніне не жедел жәрдем, не өрт сөндіру көлігі кіре алмайды. Айтпақшы, осы үйді салған «Академия жилья» құрылыс компаниясы көршілес «Diamond Park» кешенін де тұрғызған. Қолданысқа берілу мезімі әлдеқашан өткенімен, мұнда жылу мәселесі әлі толық шешілмеген.

Жанат Жүсіпов, «Diamond Park» ТҮК тұрғыны:

– Қыста үй ішіндегі температуға 15 градус деңгейінде ғана болды. Компанияға тиесілі жеке қазандықтың барлық үйді жылытуға қуаты жетпей жатыр. Яғни қазір 15 үйге жылу жетпейді. Ал жоба бойынша тағы да 70 үй салынса, жағдай одан сайын ушыға түсетіні айдан анық.

Үйлерге жылу келмесе, тұрғындардың бәрі ток пешті қосып амалдайтыны белгілі. Сол кезде электр қуаты жетпей, жарықсыз қаламыз ба деп те қауіптенеді. Өйткені мұның әлегін аз көрмеген.

«Diamond Park» ТҮК тұрғыны:

– Бірде таңертең тұрып, телефонымызды қуаттауға қойып едік. Ол түтіндеп, жарылып кетті. Күйеуім электрші еді. Құрылғысымен бірден кернеуді бірден өлшеді. 318 болып тұр екен. Көршілеріме: «Бәрін токтан ажыратыңыздар», – деп жаздым. Өйткені ондайда техниканың бәрі жанып кетеді. Екі арада кернеу 510-ға дейін көтерілді. Далада жаңбыр құйып тұрған еді. Электршіні шақырттық, бірақ ол: «Токқа түсіп өлемін бе?», – келмеді. Әупірімдеп жүріп токты трансформатордан өзіміз өшірдік.

Үйлерді шырмауықша айналған мына ток желілерін көріп, бұл әңгімеге таң қалуға болмас. Айта кетерлігі, құрылыс компаниясының бас энергияшысы да дәл осы үйде тұрады. Сөзге сараң маманның бізге айтқаны мынау болды:

– Станцияға қосылу жүріп жатыр. Жұмыстар толығымен аяқталып қалды. Енді үйлерді жерге тұйықтау ғана қалды.

Алайда тұрғындар оның бұл сөзіне иланбады. Бір емес, бірнеше үйдің қордаланған мәселесін айтып, құрылысқа жауапты мекеменің кеңсесіне бардық.

Тарс жабық есігіне тап болдық. Қақпасын іштен бекітіп, тығылып қалған болуы керек. Тұрғындардың жанайқайын әкімдік жақсы білгенімен, құрылысшы компанияға әмірі жүрмейді. Арада бітімгердің рөлін атқарудан басқа амалы қалмағандай.

Парасат Тасмағамбетов, Қосшы ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Әкімдік тарапынан толық ақпарат айта алмаймын. Бір-екі күнде жиналыс ұйымдастырайық. «Diamond Park» ТҮК айналасына жиналайық.

Әкім орынбасарының айтып отырғаны – арнайы құрылысқа жауапты мекеменің басшысы Арнай Сағындықұлы. Кеңсесіне кіре алмаған соң оған телефон арқылы хабарласуға тырысқан едік.

Нәтижесі: «Абонент ұялы байланыс аясынан тыс жерде немесе оның телефоны сөндірулі. Кейінірек хабарласыңыз».

Тұрғындардың айтуынша, түсініктеме беруден қашу – компания басшының қалыпты әдеті. «Шала атқарылған ісінен жалтарудың жолын іздеп жүр», – дейді олар. Олай істеуі де тегін емес. Өйткені бұл үйді мемлекеттік комиссия әлдеқашан қабылдап алған. Енді құрылыс жұмысына жауапты мердігердің кепілдік мерзімі аяқталса, жауапкершіліктен біржола құтылып кетпек. 

Авторлары: Бахыт Топтаева, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы