426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейге Ақтөбеден 50 мың тонна рельс экспортталады

  • 128
  • UPD: 13:25, 15.09.2020

Ақтөбедегі Рельс-арқалық зауыты Ресейге өнім экспорттау жөніндегі ірі жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі ең үлкен компаниялардың бірі «Ресей темір жолдары» ААҚ-мен жасалған келісімге сәйкес отандық кәсіпорын көрші елдің нарығына 50 мың тонна рельс жеткізеді. Қазірдің өзінде сапалы тауардың алғашқы партиясы жөнелтілді.

Бұл балқытылған темірден тапсырыс берушінің сұранысына орай түрлі өлшемдегі өнімдер дайындалады. Мәселен, келісім бойынша көрші елге ұзындығы 25 және 100 метр болатын теміржол рельстері жеткізіледі. Жыл соңына дейін жалпы көлемі 50 мың тонна өнім экспорттау жоспарланып отыр. Оны «РЖД» компаниясы жөндеу жұмыстары кезінде қолданбақ. Қазірдің өзінде алғашқы партиясы әзірленіп, тапсырыс берушіге жөнелтілді. Мұнда жасалған рельстер ондаған алыс-жақын шет елдердің теміржол саласында қолданылып жатыр.

Денис Новиков, Рельс-арқалық цехы бастығының орынбасары:

– Біріншіден, біздің кәсіпорын заманауи үлгіде салынған. Екіншіден, өнімдері барлық талапқа сәйкес келеді. Әсіресе сапасы өте жоғары. Жылына 430 мың тонна өнім шығара алады. Оның 200 тоннасы рельс болса, қалғаны – пішінді бұйымдар. Біз 25, 100 және 120 метрлік ұзындықтағы өнімдер дайындаймыз. Соңғы өлшемдегі рельстер Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдердің ішінде тек бізде өндіріледі.

Зауыттың ТМД көлемінде баламасы жоқ. Себебі дайындалған өнімнен жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін теміржол желісін де салуға болады. Заманауи кәсіпорынның құрылысы 2013 жылы басталып, жоба құны 82 млрд 700 млн теңге қаражатты құраған болатын. Оның 70%-ын «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның даму банкі» қаржыландырды.

Қасым Мұханбетов, тұтынушылармен  жұмыс жасау дирекциясының аға банкирі:

– Соңғы жылдары қазақстандық машина жасау саласының даму қарқыны тұрақты өсіп келеді. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты бұл салаға айтарлықтай үлес қосуда. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты – Қазақстан Даму Банкінің greenfield-жобасы. Бүгінде бұл жоба дамудың сенімді векторын көрсетіп, өндіретін өнімін тек Қазақстан нарығына жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар ТМД елдеріне экспорттауда.

Зауытта дайындалған рельстер негізінен елімізде қолданылып келеді. Соңғы төрт жылда 400 мың тоннадан астам өнімі теміржол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына бағытталған. Қазір еуропалық нарыққа шығу үшін тиісті шаралар қолға алынды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы