420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысы бойынша 12 жаңа туристік бағыт зерттелуде

  • 66
  • UPD: 22:36, 14.09.2020

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы туристерді жасыл-желекті табиғатымен, өндіріс орындарынан ада саф ауасымен қызықтырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресеймен байланыстырар тақтайдай түзу тасжол бойында орналасуы да бұл жерді көпшілікке қолжетімді етеді. Алайда қылқанжапырақты орман мен сармат дәуірінен қалған қорғандарды тамашалау үшін тек «жабайы туризм» әдісіне жүгінуге тура келеді. Себебі аудан орталығы маңындағы туристтер тынығатын жалғыз ғана шипажай тек емдік бағытты ғана ұстанған. Оның өзіне қыркүйектің соңына дейін орын жоқ.

Гүлнәр Ақмұрзиева, шипажай меңгерушісі:

– Шипажайға тек біздің өңірден емес, адамдар Атыраудан, Құлсарыдан, Тараздан келіп жатыр. Қазір 46 адам жатыр. Оларды енді тіркеуге енді қойып жатырмыз.

Облыс аумағын аралап, ішкі туризмге көңіл бөлетін агенттіктер де жоқтың қасы. Ақтөбедегі самсап тұрғандарының тек екеуі ғана демалысты туған жерде ұйымдастыруға машықтанған. Олар да Абат Байтақ пен Қобыланды батыр кесенесі, Әлияның туған ауылы сияқты тарихи тұлғалармен байланысты орындарды аралаудан аса алмай жүр. Себебі әлемде теңдесі жоқ Мұғалжар мен Ақтолағай таулары, Ақбота-Сәңкібай құздарына жеткізер жол ешқандай сын көтермейді.

Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі:

– Туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс атқарылып жатыр. Биыл Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына 20 шақырым жол салынды. Бірақ барлық туристік нысанды бірден қамту мүмкін емес. Мәселенің барлығы бюджеттің мүмкіндігіне келіп тіреледі.

Облыс ішін аралап шыққан туристер жол азабынан бөлек өзге де қиындықтарға тап болады. Мәселен, кейбір жерлерде қонатын орынды айтпағанда, жүздеген шақырым бойы тынығатын орын табылмайды. Сол себепті агенттіктер ішкі туризмге бет бұруға әлі де болса енжарлық танытып отыр.

Бағдат Дәрібай, туристтік агенттік директоры:

– Жол бойындағы бекеттер, кафелер, қонақүйлер біздің облысымызда әлі дамымаған. Сондықтан кедергілер туындайды. Біздің облыс үлкен болғандықтан, жол жағы да қиындау. Себебі жеңіл көлікпен баратын болсақ, өте алмайтын кейбір, Ақтолағай сияқты әдемі жерлер бар. Ол жаққа асты биік көліктермен бару керек.

Қалай дегенде де, биылғы пандемия жаңа ережеге сай өмір сүру керектігін байқатты. Тұтынушылардың талабына сәйкес ішкі туризмге бет бұрған агенттіктердің қатары артқан. Осыған орай Ақтөбе облысы бойынша жаңадан 12 бағыт зерттелуде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы