421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңіріндегі күріштің келешегі қалай болмақ?

  • 91
  • UPD: 10:18, 15.09.2020

Биыл Сыр өңірінде суармалы су тапшылығы қатты сезіліп, күрішке қатысты күрмеулі мәселелер қайта қылаң берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

90 күн суда тұратын Сыр маржанының орнына басқа тиімді дақылдарды егу туралы ұсыныстар да аз емес. Мамандар не дейді? Нұрлан Жақыпбеков сөз алады.

Бүгінгі күріш жинайтын заманауи комбайндардың әр данасы 150 мың долларға бағаланады. Сыр маржанын сепкеннен бастап орғанға дейін алқап басында осындай түрлі техника тыным таппайды. Алайда биылғы су тапшылығы аймақта күріш дақылының келешегі қалай болмақ деген біраз сұрақтың басын ашты. 

Мұрат Сәрсенбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Техникалардың бәрі күрішке арналғандықтан, оның бәрін бірден ауыстыру да оңай емес. Сондықтан күріш мәселесін шешсе жақсы болар еді. Судың мәселесін шешіп, су аз кететін сорттарын іздеу керек шығар.

Ал су шаруашылығының мамандары биыл егінге су жеткізуде біраз қиындықтар болғанын айтады. Жоғарыдағы су қоймалары өз деңгейінде толмағандықтан, Сырдарияның етегіндегі диқандарды титықтатқаны рас. Аймақтың басты дақылын барынша азайту бастамалары да тіршілік нәрінің әр тамшсына тікелей байланысты болса керек. 

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік уческе басшысы:

– Су аз пайдаланылатын дақылдарды егу туралы бізге тапсырмалар келіп жатыр. Ол тапсырманы біз дұрыс қабылдаймыз. Күріш өздеріңізге белгілі, 90 күн суда тұру керек.

Аймақтың экологиялық дақылына айналған күріштің көлемі күрт қысқарса, егін алқаптары құмды, шөлейтті, сортаң жерлерге айналады. Сондықтан ауыспалы егісті де ғылыми негіздерге сүйене отырып енгізу маңызды. Бұл – күріш шаруашылығы ғалымдарының пікірі. 

Бақытжан Дүйсембеков, қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:

– 8 танаптық ауыспалы күріш егістігін енгізген жағдайда онда Қызылорда облысында бұл 70-75 мың гектардың көлемінде күріш егілу керек деген сөз. Егер одан да қысқартып жіберетін болсақ, онда біздің алқаптарымыз тұздану процесіне, 2 жылдан кейін сіз керек десеңіз басқа дақылдарды да еге алмай қаласыз. Жер асты суы жақын келеді. 1-2 метр көлемінде. Тұздың бетіне көтерілуі басқа дақылдарды өлтіріп жібереді.

Пайдасы күріштен 2-3 есе көп, ал суды тым аз қажет ететін түрлі дақылдар мен технологияларды Қызылорда өңіріне енгізуге болады. Бірақ басты басымдық Сыр маржанына берілуі тиіс. Бұл аймақ экологиясы үшін аса маңызды. Мамандар мен ғалымдардың ортақ пікірі осындай.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы