426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Индустрияландыру картасы бойынша биыл 4,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды – ҚР ИИДМ

  • 114
  • UPD: 10:51, 15.09.2020
Индустрияландыру картасы бойынша биыл 4,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды – ҚР ИИДМ

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру барысы туралы баяндады. 

Б.Атамқұлов атап өткендей, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлермен бірлесіп, өнеркәсіптің түрлі секторларын қамтитын Индустрияландыру карталарын жасады, онда облыстардың ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтары ескерілген. Биыл өңірлерде жалпы сомасы 995 млрд теңгені құрайтын 206 жобаны іске қосу жоспарланған, 18 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлады primeminister.kz.

Салалар бойынша ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде 76 жоба, құрылыс материалдары мен машина жасау саласында тиісінше 38 және 19 жобадан. 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгеден асатын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі (164 жоба) биыл төртінші тоқсанында іске қосылады. Жалпы жобалар кесте бойынша жүзеге асырылуда. Ағымдағы проблемалық мәселелер өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп шешілуде.

Іске қосылатын жобалардың инвестиция көлемі бойынша Қарағанды, Ақтөбе және Алматы облыстары алдыңғы қатарда.

Биыл Қарағанды облысында «Linde Gas» ЖШС компаниясының техникалық газ өндіру бойынша Орталық Азиядағы ең ірі жобасы іске қосылды. Бұдан басқа, 80% өнімі экспортқа бағытталған ферроқорытпа зауытының («Ydd Corporation» ЖШС) 3 пешін іске қосу, сондай-ақ құю өндірісін жаңғырту және кен байыту фабрикасын («Qaz Carbon» ЖШС) салу жоспарланып отыр. Саран моноқаласында автобустың және арнайы техниканың жаңа түрлерін шығару жобасын іске қосу жоспарлануда («QazTehna» ЖШС). Биыл 30 шілдеде «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ мен «Татнефть» ЖАҚ арасында Саран қаласында шина шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойылды.

«Осы жобаны іске асыру отандық нарықтың қазіргі заманғы шина өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ автомобиль өндірісін оқшаулауды ұлғайтады. Жаңа өндірістерді іске қосу қаланың дамуына жаңа серпін береді. Нәтижесінде тарихи тау-кен металлургиялы Қарағанды облысы инженерлік-техникалық әлеуетімен бүгінгі таңда еліміздің өңдеу өнеркәсібінің көшбасшысы болып отыр», - деді Б.Атамқұлов.

Өнеркәсіп салаларының ішінде машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп отыр, өндіріс көлемі биылғы 8 айда 16,3% өсті. 

Автомобиль жасау секторы 51,8% өсіммен саланың драйвері болып қала береді. 45 мыңға жуық автомобиль шығарылды.

Алматы қаласында қуаты жылына 45 мың бірлікті құрайтын «Hyundai» маркалы («Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС) жеңіл автомобильдер шығаратын зауытты іске қосу отандық автомобиль жасау нарығының қуатын екі есе арттырады.

Бұл жобаны іске асыру шанағын қалыптау және бояумен автомобильдерді ұсақ түйіндік құрастыруға көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

2019 жылы 400 мың диск шығарылып, Ресейге экспортталды, жылына 1 млн дискіге дейін шығаратын жобалық қуаттылығы бар.  

Биылдан бастап отандық автоөнеркәсіп («Азиа-Авто» АҚ) және металлургиялық компания («Вектор-Павлодар» ЖШС) арасында автоөнеркәсіпті оқшаулауды ұлғайту үшін автомобиль дискілерін қолдану бойынша кооперация басталды.

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады, онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Ауданы 38 мың шаршы метр болатын өндірістік кешен биыл желтоқсан айында іске қосылып, келесі көктемде жобалық қуаттылығына шығады.

Бизнес-инкубатор елде ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобиль өндірушілері үшін қажетті 1 мыңнан астам бөлшек мен тораптарды шығару арқылы отандық өндіріс үлесінің өсуіне ықпал етеді әрі жаңа кадрлық құзыреттерді ұлғайтуға әсер етеді. 

Қостанай қаласының өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына құрамдас бөлшектерін құю өндірісі жолға қойылады. Қазіргі уақытта тиісті инвестициялық келісімге қол қоюға дайындалып, қыркүйек айында құрылысты бастау жоспарлануда.

«Өндірілетін өнімнің 95% экспортқа бағдарланғани және нәтижесінде Ресейді, ТМД-ны, сондай-ақ Daimler AG неміс концернін қамтитын жаһандық құн жасау тізбегіне кіретін болады. Осылайша, өңір аграрлық бағыттан дамудың индустриялық-инновациялық кезеңіне өтеді», - деді министр.

Электротехникалық машина жасау секторында айтарлықтай өзгеріс болды. Биыл отандық аккумуляторлар Италия және Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шықты. Ал аккумуляторларға ішкі қажеттілік 65% қамтылады. 

«Біз сондай-ақ түрлі салалардағы ел нарығының 65% кабельдік өнімдермен қамтимыз. Кабель-сым өнімдері металлургия саласының 5-ші қайта жасалуы бола отырып, металдарды терең өңдеуді және жоғары шекті қайта бөлу өнімдерін өндіруді қамтамасыз ететінін атап өту қажет. Оған қол жеткізу қажеттілігін Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте өз Жолдауында айтқан болатын», - деді министр.

Трансформаторларға қажеттілік 85% жабылады.

Петропавл қаласында 5-ші трансформатор зауыты («Alageum Electric» ЖШС) іске қосылған кезде жылына тағы 10 мың трансформатор өндірісі қамтамасыз етіледі, бұл трансформаторлар бойынша қажеттіліктің барлық желісін жабуға мүмкіндік береді.

Ішкі нарық электр өлшеу жабдықтарымен 85% қамтамасыз етіледі («Сайман Корпорациясы» ЖШС отандық тауар өндірушілер арасында 95% үлесін алады) және Орталық Азия елдеріне жеткізу әлеуеті бар.     

Бүгінде 33 фармацевтикалық кәсіпорын дәрілік заттардың 922 түрлі өнімін шығарады. Фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1% өсті. Пандемия басталғаннан бері жеке қорғаныс құралдарын шығару көлемі 10 жаңа жобаны іске қосу есебінен 10 есе артты.

Осылайша, бүгінгі таңда отандық кәсіпорындар қайта пайдаланылатын қорғаныш костюмдеріне (айына 504 мың дана) және медициналық перчаткаларға (айына 330 мың дана), сондай-ақ медициналық маскаларға деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуде (күніне 1,2 млн дана).

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жоспарланған:

Бірінші. Фармацевтика саласының өндіріс көлемін 2 есеге ұлғайту (92 млрд-тан 184 млрд теңгеге дейін).

Екінші. Дәрілік заттар экспортының көлемін 2 есе $116 млн дейін ұлғайту.

Үшінші. Бір рет пайдаланылатын маскаларды шығаратын кәсіпорындардың өндірістік қуатын тәулігіне 1 млн-нан 2 млн данаға дейін арттыруды қамтамасыз ету.

Төртінші. 2021 жылдың I тоқсанына қарай қорғаныш костюмдері бойынша өндірістік қуаттарды айына 500 мыңнан 1 млн данаға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі – тұрғын үй құрылысындағы импортты алмастыру және қазақстандық қамтуды 90%-ке дейін жеткізу.

Құрылыс нарығының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін биыл құны 126 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба іске қосылады.

Бұл салада 2020 жылдың негізгі жобалары – Нұр-Сұлтан қаласындағы көлемдік-блоктық үй құрылысы зауыты («ModeX Astana» ЖШС), сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісіндегі бірқатар ірі жоба. Жалпы, құрылыс материалдары өндірісінде жобаларды іске асыру импорт үлесін 15% төмендетуге және тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін 90% дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Б.Атамқұловтың айтуынша, биыл жобалар толық қуатына шыққан кезде олардың өндіріс көлемі $3 млрд-тан асады. Бұл ретте, өндірілген өнімнің төрттен бір бөлігі экспортқа шығарылады, бұл $800 млн жуықты құрайды. 

Моноқалаларда жалпы сомасы 132 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 1 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ауылдық жерлерде жалпы сомасы 376 млрд теңгені құрайтын 77 жоба іске асырылып, 5,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. 

Бұдан басқа, Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін, атап айтқанда жылу бөлгіш құрамаларды, кабель өнімдерінің 7 түрін, карьерлік және жол техникасының жаңа түрлерін, жаңа түрдегі композитті коагулянттарды, газ талдағыштарды, кіші және үлкен диаметрлі қысымсыз темірбетон құбырларды және тыңайтқыштардың жаңа түрлерін шығару жоспарлануда.  

«Индустрияландыру картасы жобаларын табысты іске асыру бізге өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың сапалы жаңа бағыттарына шығуға мүмкіндік береді, ішкі нарықты молықтыру және экспортқа шығару арқылы ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтуын қамтамасыз етеді», – деді Б.Атамқұлов.

Хабар 24 телеарнасы