421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Блок бекеттегі оқиға: экс-полицей сот алдында жауап берді

  • 111
  • UPD: 17:03, 15.09.2020
Блок бекеттегі оқиға: экс-полицей сот алдында жауап берді

Алматы облысында BMW көлігімен блокпосты соғып, 2 полицейдің өліміне себепкер болған жүргізушіге қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Азат Азаматовқа қатысты істі Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшекбаев қарауда. Сот барысында прокурор айыптау актісін оқып берді. Прокурордың айтуынша, 25 мамырда таңертең BMW жүргізушісі Алматы облысындағы №4 блокпосты қиратып өткен. Сол кезде ол мас күйде болған.

«Мені түнде бұрынғы әріптестерім Көксай ауылына шақырды. Біз сол күні көлікте сыра іштік. Содан кейін ұйықтауға жаттым. Ары қарай ештеңе есімде жоқ. Мен ауруханада ояндым», - дейді айыпталушы.

Прокурордың сұрақтарына жауап берген Азаматов сол түні 2-3 бөтелке сыра ішкенін айтты. Ол анасының атына тіркелгені BMW маркалы автокөлікті басқарған.

Сонымен қатар Азаматов 21 мамырда жұмыстан шыққанын айтты. Арызды 20 мамырда жазған. Ол 2014 жылдан бастап құқық қорғау органдарында жұмыс істеген.

«Бұған дейін менде бір тәртіптік заңбұзушылық болды», - деп жауап берді зардап шеккен полицейдің қорғаушысы қойған сұраққа.

«Құрметті сот, құрметті жәбірленушілер, мен өз кінәмді толықтай мойындаймын», - деп Азаматов өз кінәсін мойындады.

Айта кетейік, сот отырысы зардап шеккен тараптардың болмауына байланысты бір аптаға шегерілген болатын.

Алматы облысының прокуратурасы 28 мамырдағы жол апатына байланысты А.Азаматовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталғаны туралы хабарлаған болатын. Оның іс-әрекетіне байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімімен (мас күйінде көлік айдап, екі немесе одан көп адамның қазасына әкелген жол апатын тудыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Оған дейін қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі бойынша қаралған еді.

Еске салайық, 25 мамыр таңғы сағат 05:26-да BMW маркалы көлікті басқарған 28 жастағы жүргізуші мас күйінде блокпостағы полиция көлігін соқты. Сол жерде екі полиция қызметкері көз жұмды. Ал зардап шеккен үшінші полицей ауруханада есін жиып, жазылып шықты.

Кейін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қылмыстық істің мән-жайын тергеуді Ішкі істер министрлігі өзіне алғанын мәлім етті. Осы оқиғадан кейін Алматы қалалық Полиция департаментінің 9 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Үш лауазымды қызметкер жұмысынан босатылды.

Хабар 24 телеарнасы