426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұмауға қарсы вакцина коронавирустан қорғамайды – эпидемиологтар

  • 99
  • UPD: 23:51, 15.09.2020

«Тұмауға қарсы вакцина коронавирустан қорғамайды. Бірақ індеттің алдын алуы мүмкін», дейді эпидемиологтар.

Жіті респираторлық вирустық инфекция жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, екпенің биылғы штамдық құрамы да былтырғыдан өзгеше. Жарамдылық мерзімі шамамен жарты жыл. Алайда, созылмалы аурумен ауыратындар алдыңғы дозаға және тауық жұмыртқасына аллергиясы барлар препаратты қолдана алмайды.

Тұмау мен ЖРВИ-дің ең тиімді алдын алу жолы бұл – уақытылы жасалған вакцинация. «Алайда, екпені ауырып жүрген кезде алуға әсте болмайды», дейді дәрігерлер. Мәселен, коронавирус жұқтырғандар індеттен айыққаннан кейін 1 ай өтісімен ғана тұмауға қарсы екпені салдыра алады. Оның әсері 8 айға дейін жарамды.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы:

- Көптеген елдерде, мысалы, аурудың жеңіл түрінде өтіп жатса, олардың ұсынымында вакцинация жүргізіле береді. А бірақ біздің елде біз ондайға тыйым саламыз, өйткені адамдар аурудың асқынуын осы вакцинадан көреді. Өз еркімен вакцина алам десе, бұл вакцина ақылы түрде қызмет көрсететін емханаларда алуға болады.

Өмірзақ Байжұманов сексеннің сеңгірінен асса да жыл сайын тұмауға қарсы екпе алады. Талдықорғанда 20 жылдан астам уақыт бойы өмір сүріп келеді. Қазір денсаулығы тың. «Вакцина ала бастағалы тұмауратқан емеспін», - дейді ақсақал.

Өмірзақ Байжұманов, зейнеткер:

- Менің вакцинация алып жүргеніме 5-6 жыл болды. Жылда осылай күзде алам, бірақ оның артынан ауырғам жоқ. Көп көмектеседі екен. Әйелім де салдырады, балаларым да салдырады.

Өңірлік бюджеттен бөлінген 191 миллионнан астам теңгеге вакцинаның 161 800 дозасы сатып алынды. Тағы 150 мыңын алу бойынша келісімшарт жасалды. Жалпы 1 дозаның құны шамамен 867 теңгені құрайды. Осылайша, жергілікті тұрғындардың 14%-ін вакцинамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ерғали Сыдыманов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Бұл вакцина Ресейдікі. Гриппол деген вакцина. Біз бұл вакцинамен төртінші жыл Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында егіліп жатырмыз. Бүкіл Қазақстанға бірдей болып келген «СК-Фармация» арқылы. Біз жылда осы 14-15% жасаймыз. Оның бәрі бізге жеткілікті Алматы облысында.

Айта кеткен жөн, тұмауға қарсы екпе медициналық қызметкерлерге, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі әйелдерге, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы ауруы бар науқастарға тегін салынады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділхан Сахари, Қуаныш Түргенбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы