421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы үй құстары жаппай қырылған ауылдарда карантин әлі жарияланған жоқ

  • 68
  • UPD: 23:40, 15.09.2020
СҚО-дағы үй құстары жаппай қырылған ауылдарда карантин әлі жарияланған жоқ

Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі біраз ауыл мыңдаған тауық пен қаздан айырылған. «Бірақ оны есептеп жатқан ешкім жоқ», - дейді тұрғындар.  

Шығынға батқан ел өлекселерді өздері өрттеуге мәжбүр. Ал, ветеринарлар өлген құстан қан алып, сараптамаға жіберген.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Якорь ауылының тұрғыны Жаңалық Сарғалин көктемде 1 мың балапан алып, жаз бойы бағып өсірді. Енді күзде сатып пайда табамын дегенде, бәрі бірдей бірінен соң бірі қырылып қалған.

Жаңалық Сарғалин, Якорь ауылының тұрғыны:

- Ауру 3 қыркүйекте өзін көрсетті. 4-інен 7-іне дейін 4 күннің ішінде менде 870 қазым түгел қырылып қалды. Қазіргі таңда жоқ мүлдем. Ол алынған қаздар алынған 5 жыл бойы айналысып келемін. 5 жылдың ішінде мұндай ауруды естімегенмін.

Якорь ауылында еңбегі еш кеткен тағы бір шаруа – Александр Засыпин. Оның 500 қазы қырылды. Ауру белгілері бір: құстардың жүйке жүйесі бұзылып, көздері көрмей қалады. Сосын шыр айналып өледі. Шаруа өлекселерді өзі өрттеп жатыр.

Александр Засыпкин, шаруа:

- Кеше 120 қаз бен 200 тауық балапанын өрттеп жібердім. Жұмысшыларымды үйге жібердім. Жұқтырып ала ма деп қорқамын.

Ветеринар мамандар өлген құстардан қан алып, Нұр-Сұлтан қаласына зертханаға жіберді. Оның қорытындысы осы аптаның соңында дайын болуы тиіс. «Мал дәрігерлері бұл ауылда 200 құс өлді», - деп отыр.

Қайырлы Қазанов, облыстық  ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Якорь ауылында 10 үйде 200 шамасында құс қырылыпты. Біздің ветеринарлық мамандар олардың бәрін «инсинератор» дейді, соған жағып күйдіріп бітірді. Зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. 800-900 болса болған шығар. Біздің мамандар көрген жоқ оны. Біз көргенімізді айтып жатырмыз.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – шекарадағы Красный Яр елді мекені. Ана жақ Ресей жері болып саналады. Құстар бұл жақта да жаппай қырылып жатыр. Шаруалар өлекселерді тезектің астына көміп тастаған. Ал, тірілері де міне, шыр айналып, өлуге жақын.

Тұрғындардың айтуынша, өлген құстар одан да көп. Мәселен, Красный Яр ауылындағы Нина Шабанова 5 мың қазынан айырылған. «Оны есептеп жатқан ешкім жоқ», - дейді ол.

Нина Шабанова, Құс шаруашылығы кооперативінің төрайымы:

- Бастапқыда қаздың өлекселерін өртедік. Кейін көптеп өле бастаған соң тезекке көміп тастадық. Мына жерде 2 мыңдайы жатыр. Бұл туралы хабар бердік. Ешкім де келген жоқ.

Шығынға батқан шаруалар өтемақы талап етіп отыр. Мамандар: «ол сараптама қорытындысынан кейін бірақ белгілі болады», - дейді. Әзірге ауру шыққан ауылдарда карантин жарияланған жоқ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы