420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында мал ұрлығына қатысты 170-тен астам дерек тіркелген

  • 55
  • UPD: 00:21, 16.09.2020

Биыл Қызылорда облысында мал ұрлығына қатысты 170-тен астам дерек тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бұған мал иелерінің жауапсыздығы да себеп», - дейді мамандар.

Дегенмен, жұрт та қамсыз отырған жоқ. Қармақшы ауданындағы Үшінші интернационал уылы өрістегі малға бақташы қойып, көшеге жағалай бейнекамералар орнатқан.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл ауылдағы әр үйде кемінде 2-3 бас ірі қара немесе ұсақ малы бар. Салвар Тұрсынов та 5 сиырын таңмен таласа тұрып, жайылымға айдайды. Сосын қора-жайдың қамына кіріседі.

Салвар Тұрсынов, Үшінші интернационал ауылының тұрғыны:

- Малымыз бағылып жатыр, баспағын алып отырмыз, сүтін ішіп жатырмыз. Пайдасы сол. Жем-шөп осы ауылда ғой енді. Бригадалардан орып береді. Сүтті Қармақшыға таксиге беріп жібереміз, сол жақтан сатып, ақшасын әкеліп береді.

Кейбір отбасылар үшін санаулы ғана малы күнкөрістің негізгі көзі. Кисең киім, жесең ет болған төрт түліктің қадірін ауылдағы ағайын жақсы біледі.

Зейнәлі Разманов, Үшінші интернационал ауылының тұрғыны:

- Бәріміз малымызды мына жақа жинаймыз өзіміз, сосын бақташы апарып келеді. Сағат 08:00-де апарады, 18:00-де үйге қайтып әкеледі.

«Иесіз мал – ұрыныкі» деген. Барымташылардың бұл ауылдан алыс жүруінің бір себебі – бақташы қызметінің жүйелі жолға қойылуы. 2,5 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 3650 ірі қара мен 2960 ұсақ мал бар. Ірі қараны 3, ал ұсақ малды 5 бақташы бағады. Бақташы қызметі үшін әр мал басына мың теңгеден төленеді.

Нұрлан Тұрабаев, бақташы:

- Күрішке түсірмейміз сол, көл бар, соған бір жайып, кешке алып келеміз. Жайылым жақсы ғой. Енді жақында жаңадан жер ашылайын деп жатыр. Жоңышқалық, күріштік ашылса, соған саламыз.

Дегенмен, өңірде жауапсыз мал иелері де аз емес. Мәселен, облыс бойынша 141 ауылдың тек 68-інде ғана өріске малды бақташы алып шығады екен. Өңірде биыл тіркелген мал ұрлығына қатысты деректердің жартысынан көбінде төрт түлік өрісте қараусыз жүрген жерінен жоғалған.

Гүлжахан Қайырбергенова, ПД баспасөз қызметінің басшысы:

- Бүгінгі таңда мал ұрлығы қылмыстарының тіркелуі Қызылорда облысында былтырғы жылмен салыстырғанда 33%-ке, яғни 258-ден 173-ке төмендеді. Жалпы мал ұрлығының 54%-і қараусыз, бақташысыз өрістен ұрланып отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша мал ұрлығымен айналысқан 13 қылмыстық топ құрықталып, 43 эпизодты құрайтын қылмыстар әшкереленді.

Қорадағы малды жетектеп кетуден қымсынбайтын ұрылар үшін жайылымнан оңай олжа табу бұйым болмасы сөзсіз. Бақташысы бар ауылдардың төрт түлігі түгенделмей қалу жағдайлары өте сирек кездеседі екен. Ал ауылдың іші-сыртына бейнебақылау кемараларын қойған «Үшінші интернационалдықтардың бастамасы көпке үлгі боларлықтай», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы