426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда көпірдегі жарық күннен-күнге үлкейіп барады

  • 116
  • UPD: 08:22, 16.09.2020

Петропавлдықтар көпірден өтуге қорқады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жұмысшы кентімен облыс орталығын жалғайтын нысан осыдан 5-6 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен еді. Енді қайта сыр берді.

Яғни, өткелдің деформациялық тігісіндегі жарық күннен күнге үлкейіп барады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Михаил Вершинин мына көпірдің үстімен күніне екі мәрте өтеді. Себебі, жақын маңда оның гаражы орналасқан. Ақауды қария көктемде байқағанын айтады.

Михаил Вершинин, қала тұрғыны:

- Көпірдің оң жағы қисайып барады. Себебі ауыр жүк көліктері қатынайды ғой. Шектеу жоқ. Салдарынан жарық күннен күнге ұлғайып барады. Бұл өте қауіпті. Тез арада шара қолдану керек.

Аталған көпір Жұмысшы кентін облыс орталығымен байланыстырады. Сондықтан оның үстімен күніне мыңдағын көлікпен жүздеген жаяу жүргінші өтеді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Өткен ғасырда пайдалануға берілген көпірге 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол кездері шамамен аталған жұмыстарға жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған болатын. Арада алты жыл уақыт өтсе де өткел қайтадан бұзыла бастаған.

Ия, нысанның қайта қалыпқа келтірілгеніне аз ғана уақыт өтті. Тұрғындар болса: «Сол кезде жұмыстар сапасыз атқарылды», - дейді.

Елена Буйко, қала тұрғыны:

- Өте қорқынышты. Бұл жерден жүгіріп өтемін. Астымен жүруге болмайды. Теміржол. Оның үстіне жоғары вольтты электр сымдары бар. Қателеспесем, екі жыл бұрын асфальт жабындысын жаңартқан болатын. Бірақ қазір ол үгітіліп жатыр.

Көпірдің деформациялық тігісінде пайда болған жарыққа байланысты арнайы комиссия құрылды. Мамандар бұл ақау айтарлықтай қауіпті емес екендігін айтады.

Әсем Айтолла, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Осы жағдайға байланысты арнайы топ құрылды. Оның құрамында прокуратура қызметкерлері, әкімдік қызметкерлері бар. Жаңағы көпірлерді жөндейтін арнайы лицензиясы бар мамандар барлығы шығып, көпірдің бүгінгі жағдайымен танысты. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Сол кезде көпір 1-2 күнге жабылуы мүмкін.

Әзірге олқылықтың орнын толтыру үшін қанша қаражат қажет екені белгісіз. Дегенмен, жергілікті билік өкілдері желтоқсан айында көпірді қалпына келтіреміз деп сендірді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы