428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында интернет мәселесі қашан шешіледі?

  • 158
  • UPD: 23:18, 15.09.2020
Түркістан облысында интернет мәселесі қашан шешіледі?

Түркістан облысында интернет желісі тартылмаған 157 елді мекен бар. Оларда ұялы байланыс та жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барында сапасы төмен. Ал интернет тарту жұмыстары өте баяу. Қазір мұнда тұратын 30 мыңға жуық оқушы сабаққа дайындала алмай қиындық көріп отыр. Енді бұл ауылдарға интернет желісі қашан тартылады? Оған не кедергі?

«Телефон – интернет желісі болса ғана пайдалы. Бағасы қанша қымбат болса да, интернетсіз жерде оның құны көк тиын». Қарғалы ауыл округінің тұрғыны Күлзина апай бүгінде интернетсіз ауыл – өркениетсіз ауыл екенін айтады күйініп.

Күлзина Әуелбекова, Қарғалы ауылының тұрғыны:

- Интернет болмаған соң мына екеуінің жұмысы істемей қалады. Мынау тек суретке түсіретін боп қалады дәу болғанымен. Жұмыс істемейді, интернет ұстамайды. Мынау кішкентай телефон, қалтаға салатын қарапайым. Бұл екеуінің айырмашылығы – бірдей боп қалды ғой сонда интернетсіз.

Түркістан облысында 838 елді мекен болса, биыл жыл соңына дейін соның 305-іне интернет желісін жеткізу жоспарлануда. «Бірақ бұған жауапты еліміздегі ең ірі байланыс операторы асығар емес. Жұмыс өте баяу жүріп жатыр», - дейді Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет және архивтер басқармасының мамандары. Мәселен, биыл өтініш берсеңіз интернет үйіңізге келесі жылы бірақ қосылады. Кемі бір жыл күтесіз. Мысалы байланыс операторы өткен жылы өңірдегі 177 елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Бірақ…

Елнұр Өтебаев, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет және архивтер басқармасының басшысы:

- Осы күнге дейін соның 87-і ғана аяқталды. 90-да әлі құрылыс, монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ол өте баяу жүріп жатыр. Оны біз министрлікке хабардар етіп, хат жіберіп жатырмыз.

Сондай-ақ байланыс операторы кез келген ауылға интернет тартып бере бермейді. Олар үшін ол үлкен шығын. Оның үстіне оператордың да өзіндік ішкі тәртібі бар. Сондықтан операторға шалғайдағы елді мекенге интернет желісін тартқаннан қалалы жердегі көп қабатты үйлерді интернетпен қамту әлдеқайда тиімді. Ал, ауылдық жерге интернет желісін тарту үшін 2,5 мыңнан кем емес тұрғыны бар елді мекендегі 500 үйдің тұрғындары өтініш беруі керек. Онсыз басқалай интернетке қол жеткізу мүмкін емес.

Елнұр Өтебаев, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет және архивтер басқармасының басшысы:

- Біздер ұсыныспен шыққанбыз «Қазақтелеком» АҚ «саясат өзгертсеңіздер, 500 абонент деген өте көп, 100 абонентке дейін қарастырыңыздаршы» дегенбіз. Себебі бұндай саясатпен біздегі көптеген 2 мың тұрғыны бар елді мекендер мүлдем үйлеріне интернет жетпейді. Мәселе күрделі. Ал, тұрғындар төлеуге дайын тиісті қаражатын, енді бұл тек қана байланыс компаниясы басшылығының шешіміне қарап тұрған мәселе.

Қашықтықтан оқыту үшін де оқушылар мен мұғалімдердің интернетке қолжетімділігі маңызды рөл атқарады. Онсыз білім алу мүмкін емес. Қазір өңірдегі 70 елді мекендегі он мыңдаған бала сапалы интернетті асыға күтіп отыр. Ал, қалған шалғайдағы 131 елді мекендегі 100 мыңнан аса оқушы санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі білім жүйесімен білім алуда.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Бірақ дегенмен пандемия өршіп, карантиндік режим енгізілетін болса, онда біз мектептерді тоқтатып, қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр боламыз. Ал ондай жағдайда бұл елді мекендерге әлі жақын арада интернет баруы жоспарланбаған. Сондықтан интернет мәселесін шешу өте өзекті болып отыр.

Ауылдарды сапалы интернетпен қамту – бұл тек Түркістан облысында ғана туындаған проблема емес. Еліміздің барлық аймағындағы ауылдарға тән ортақ мәселе. «Сондықтан мұны үкіметтік деңгейде шешу керек», - дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы