424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жаңа футбол академиясы құрылды

  • 80
  • UPD: 10:07, 16.09.2020

Ол Павлодар, Ақсу және Екібастұз қаласы бойынша үш орталықтың басын қосады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 130 млн теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Биыл ұлттық біріншіліктен бас тартқан «Ертіс» футбол клубының тағдыры өңір жанкүйерлерін жабырқатқан еді. Команда белшеден қарыз. Салық төленбеген. Жаттықтырушылар мен қосалқы құрамдағы ойыншылар алдындағы қарызы әлі толық өтелмеген. Ал академия – облыс футболын өрістетуге арналған жоба.

Облыс орталығындағы «Жұлдыз» стадионы жас футболшыларға толы. Жаттықтырушыларды жағдайдың тұрақталғаны қуантады. Қарыз жалақыларын қайтаруға уәде беріпті. Қаржыландыру тек жаңа футбол орталығы арқылы жүзеге асады. Павлодар облысында футболды дамытудың жаңа үлгісі қалыптасатын түрі бар.

Асхат Құсайынов, жаттықтырушы:

– Футбол алаңына келгенде барлық қиындық артта қалғандай сезінеміз. Командаға байланысты туындаған жайттар, қаржылық қиындықтар – бәрі ұмытылады. Біз қазір жұмысымызға қайта оралдық. Айналаға көз жүгіртсеңіз, балалардың ойнап жүргенін көресіз. Жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Балалардың жүздері жадыраңқы. Менің ойымша, бәрі жақсы болатын сыңайлы.

«Ертіс» футбол командасының жабылғаны жас футболшыларға ауыр тигені рас. Әділет Ақылжан 8 жасынан бастап доп тебеді. Жастайынан спортты серік еткен жасөспірім келешекте атақты футболшы болуды армандайды. 

Әділет Ақылжан, жас футболшы:

– Мен 8 жасымнан футбол ойнаймын. Өмір бойы футболмен айналысқым келеді. «Ертіс» клубы жабылғанда барлығымыздың көңіліміз жабырқап қалды. Менің арманым – шетелдік футбол клубына барып, Месси сияқты ойнау. Өйткені оның техникасы өте жақсы.

«Ертіс» футбол клубының байырғы дәрежесін қайтаруға нақты жоспар мен тұрақты қаржыландыру көзі қажет», – дейді мамандар. Бірақ бұл жақын арада шешілетін мәселе емес. Аймақта жалпы футболды көтеруге жарты млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішіне жаңадан құрылған футбол орталықтары да кіреді.

Айбек Ақылжанов, Спорт және туризмді дамыту басқармасының  бас маманы:

– Қайтадан ашылып отырған орталыққа жылдың аяғына дейін 129 млн теңге қаржы бөлінген. Қаржыландыру үрдісі әрі қарай 2021 жылдың бюджеті бойынша жоспарланады және оның көлеміне өзгерістер енгізіледі.

Сонымен Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында құрылған жаңа футбол орталықтарына 600-ге тарта бала барады. Футболды дамытудың жаңа үлгісі жергілікті спортшылардың әлеуетін көтере түспек.

«Ертіс» футбол клубын сақтап қала алмаған Павлодар облысында жаңа футбол орталығы құрылды. Бұл – келешекте шетелдік легионерлерге тәуелділікті жойып, өз жастарымызды үлкен спортқа баулуға бағытталып отырған маңызды қадам.

Жалпы Павлодар облысының аяқдопшылары жоғары дивизионға қайтып оралады деген үміт бар. Мәселен, Екібастұздың футбол клубы премьер-лигаға қатысу үшін дайындықты бастап кеткен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы