424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы кезекші сыныптарда оқу процесі қалай ұйымдастырылған?

  • 87
  • UPD: 18:59, 16.09.2020

Қашықтан білім берумен қатар еліміздегі мектептерде дәстүрлі форматта білім беру де ұйымдастырылып отырғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, елордада 3 мың кезекші сынып жұмыс істеп тұр. Бұл мекемелерде оқу процесі қалай ұйымдастырылған?

Елордадағы №74 мектеп-гимназия. Жаңа оқу жылында мұнда 10 бірінші сынып ашылды. Олардың 8-і кезекші сынып. Онда 180 оқушы дәстүрлі форматта білім алып жатыр.

Айнагүл Нүсіпжан, мейірбике:

– Бұрынғы заңда бала әрбір 4 есіктен кіретін болса, қазір санитарлық талаптарды сақтай отырып, әр бала санитарлық барьерден өтіп, қолдарын зарарсыздандырады, арақашықтықты сақтайтын эмблемалардан өту арқылы өз топтарына барып, орналастырылады.

34 жылдық тәжірибесі бар Нұрғайша Бекмағанбетова – бастауыш сынып мұғалімі. Саналы ғұмырында алғаш рет кезекші сыныппен жұмыс істеп жатыр. Ұстаз жауапкершілік жүгі ауыр екенін айтады. Өйткені, әр баланың денсаулығы маңызды.

Нұрғайша Бекмағанбетова, бастауыш сынып мұғалімі:

– Бірінші топта 15 оқушы, екінші топта 12 оқушыдан отыр. Әр балаға жеке-жеке парта қойылған. Осы екі жұма аралығында балалар санитарлық талаптарды меңгеріп қалды. Қазір балалар бір қалыпқа келді. Сабақтың ұзақтығы – 35 минут.

Бұл білім ошағындағы өзге бастауыш сыныптар қашықтан оқып жатыр. Ата-аналар осынау қиын шақта тәуекел етуден тартынған. Десе де, онлайн білім берудің қамы барынша жасалыпты.

Жеңіскүл Нүсіпжан, мектеп-гимназия директоры:

– Қазіргі осы жағдайға байланысты қиыншылық көріп жатқан ата-аналарға мектеп тарапынан, жалпы қалалық әкімдіктен үлкен қолдау көрсетіліп, шешімін тауып отыр. Қазіргі таңда біздің мектепте 563 роутер, интернет желісін ата-аналарға таратып бердік. 183 компьютер таратылды. Келіп түскен өтініш негізінде біз тағы да керекті компьютерді жеткізіп беретін боламыз.

Елордадағы 3000 кезекші сыныпта 35 мыңнан аса бала білім алуда. Оқушылардың қашықтық сақтап, сақ жүруіне барлық жағдай жасалған. Талап қатаң болса да, балаларға мектепте білім алған ұнайды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы