421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сегіз мың тұрғыны бар қалаға екі спорт кешені қажет пе?

  • 57
  • UPD: 20:36, 16.09.2020

Қарағанды облысының Қаражал қаласында аумағы 5 мың шаршы метр болатын еңселі спорт кешені бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда аталған елді мекенде денешынықтыру ғимараты бола тұра, тура іргесінен тағы бір спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. 8 мың ғана халық тұратын шағын шаһарға бұл қаншалықты қажет, қазына қаржысын одан да әлеуметтік нысанның құрылысына жұмсаса болар еді дейді жергілікті жұрт. Бір қызығы, бұл жобаны облыстық спорт басқармасы мақұлдамаған.

Қаражал қаласындағы мына спорт кешенінің аумағы – 5 мың шаршы метр, бірнеше залы бар. Соңғы 25 жыл ішінде қара шаңырақтан талай чемпиондар қанаттанып шығыпты. Қазір де мұнда 250 бала жаттығады. Ал қалған уақытта алып нысан бос тұр. Себебі жергілікті тұрғындардың келуі сиреген. 

Артем Ким, спорт мектебінің директоры:

– Негізі бізде спорт кешеніне халық аз келеді. Кешке қарай бос тұрады. Бізде екі зал бар.

Соған қарамастан қазір қалада екінші спорт кешенінің құрылысы басталды. Жоба құны – 470 миллион теңге. Әу баста қала билігі ол ақшаны облыс бюджетінен сұраған. Бірақ спорт басқармасы жанындағы арнайы комиссия зерттеу жүргізіп, 8 мың ғана тұрғыны бар қалаға екінші спорт нысаны қажет емес деген шешімге келген. Сөйтіп жоба қолдау таппайды. Бірақ қала билігі биыл жергілікті қазынадан 40 миллион теңге қаржы бөліп, тәуекелмен құрылысты бастап кетті. Енді жобаны аяқтау үшін облыс бюджетінен тағы ақша сұрамақшы. Ал халықтың қалауы басқа. Мәселен, қазір қалада жалғыз ғана балабақша жұмыс істейді екен.

БЛИЦ:

– Демалыс орындары, балабақша салынса. Өйткені қазір алыс жерлердегі ата-аналар балаларын әкеле алмайды.  

– Балабақша бізде кішкентай. Балабақша салғанын қалар едім. 

– Кинотеатр керек сияқты. Немесе ойын-сауық орталықтары. Бір спорт кешенінде адам аз болса, екіншісіне керегі не?

– Екі спорт кешені керек емес. Басқа орталықтар салсын.

Тұрғындардың айтуынша, ескі нысанда бір кездері спорттың 9 түрінен секция болыпты. Қазір шағын футбол мен дзюдо ғана қалған. Оған себеп жаттықтыратын кәсіби мамандар жетіспейді. Қала әкімдігінің өкілдері жаңа кешенді салудағы мақсатымыз да сол, спорттың басқа түрлерін дамыту дейді. Бірақ спорт секцияларын дайын ғимараттың ішінде неге ашпасқа деген сұрағымызға мынадай уәж айтты.

Дәурен Жақыпов, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары:

– Бес жылға келісімшартқа отырып, спорт түрлерін дамытуға, қаржыландыруға болатын еді. Ол заңмен көзделген. Біз ұсынғанбыз. Бірақ олар осы күнге дейін ешқандай шешім қабылдаған жоқ.

Әкімдік мамандары осылай дегенмен, спорт кешенінің өкілдері ешқандай ұсыныс болмағанын айтып отыр.

Дүйсенбай Тәжкеев, спорт кешенінің директоры:

– Спорттың басқа түрлерін дамыту үшін Қаражалдың өзінің спорт мектебі ашылу керек. Сосын мамандар шақырылу керек. Содан кейін маған келеді де, ұсыныс жасайды. Сол кезде барлық жағдайды жасап береміз. Бірақ ондай ұсыныс болған жоқ.  

Ең сорақысы, жаңа нысан ескі спорт кешенінің тура іргесінде салынып жатыр. Қазір құрылыс алаңы қоршауға алынып, кешенге кіретін жолды түгел жауып тастаған.

Жарқын Сыздықов, спорт кешені директорының орынбасары:

– Жолымызды жауып тастады. Бізде енді басқа жол жоқ, бұл спорт мектебіне кіретін. Көміріміз бар әкелетін, материалымыз бар әкеліп, шығаратын. Басқа жол жоқ бізде. Талабымыз – әр жақта жол ашыпты, сол жолды бізге жақсылап жасап берсе.

Әзірге жаңа нысанның құрылысы қай кезде аяқталатыны белгісіз. Анығы, оған кәсіби мамандарды тарту оңайға соқпайды дейді спорт жанашырлары. Демек, келешекте жаңа ғимараттың да қаңырап бос тұру қаупі бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы