421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа велосипедпен қатынап жүр

  • 93
  • UPD: 20:29, 16.09.2020

Қауіпті індет жұртқа денсаулықтың қадірін білуге үйретті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңашылдыққа да бағыттады. Мәселен, Атыраудағы кейбір мекеме қызметкерлері жұмыс орнына велосипедпен қатынап жүр. Бұл бастама шығын көлемін азайтып, салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді.

Қауіпті вирус елге айтарлықтай шығын келтіргенімен, жаңашылдыққа да жол ашқаны жасырын емес. Мысалы, өңірдегі мұнай айдау компаниясының қызметкерлері игі бастаманы қолға алған. Олар арасы бірнеше шақырым болатын мекемеге велосипедпен қатынап жүр.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Бұл кәсіпорындағы ғимараттар бір-бірінен қашық орналасқан. Қызметкерлердің белгіленген жерге дереу әрі қиындықсыз жетуі үшін, басшылық осындай үш аяқты велосипед алуды ұйғарыпты. Бұл келетін шығын көлемін азайтып қана қоймай, экологияға да пайдасын тигізеді. Оған қоса, жұмысшылардың салауатты өмір салтын сақтауына үлкен сеп болмақ.

Мұндағы жұмысшылар осыған дейін арнайы техникалармен қатынап келген. Ал жаңа жоба аясында қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қолайлы үш аяқты велосипед алынған.

Саламат Сәрсенғалиев, мұнай айдау станциясының бастығы:

– Біздің мекемеде жұмысшылардың денсаулығына үлкен назар аударады. Сол себепті де алынған велосипедтер біздің жұмысшылардың денсаулығына көмегін тигізеді.

Қазір жұмысшыларға жиналыс өткізу де мүмкін болмай отыр. Мұнайлы өңірдегі ірі компаниялардың тағы бірі індет кезінде өзгеше жоба бастаған. Қызметкерлер бақылау парағы арқылы өз ұсыныстарын басшылыққа жеткізе алады. Сондай-ақ онда жұмыс барысындағы олқылықтарды да көрсете алады.

Ерболат Ерғали, еңбек қауіпсіздігін бақылау инженері:

– Біз қызметкерлердің ұсынысын ескерусіз қалдырмаймыз. Мысалы, жұмысшылардан энергияны үнемдеу мақсатында диодты жарық шамдарын қолдану туралы ұсыныс түсті. Басшылық осы ұсынысты дұрыс деп ұйғарды. Біз қазір энергия үнемдейтін шамдарды ауыстырып жатырмыз.

Ондағы ұсыныстар әр ай сайын басшылыққа жолданады. Үздік деп танылғандарына арнайы сыйлық табысталады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы