420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында ауыл әкімін сайлау кезінде дау шықты

  • 53
  • UPD: 20:33, 16.09.2020

Қостанай облысының Қарасу елді мекенінде ауыл әкімі қызметіне кандидаттарды іріктеу жиыны өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үміткерлерді жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері ашық дауыс беру арқылы анықтады. Нәтижесінде ауыл әкімі лауазымына ұсынылған төрт адамның екеуі ғана келесі кезеңге өтті.

Жиын басталмай жатып, айқай-шу шықты. Кейбіреулер үміткерге дауыс беруге кіре алмағандығына наразы. Ал талап бойынша әкім қызметіне кандидаттарды іріктеуге тек ауылдың қоғамдық кеңесінің мүшелері ғана қатыса алады. Олардың да таңдауы әрқилы. Үміткерлерін қолдап, сөз алғандар арасында эмоцияға ерік бергендер жоқ емес.

Талас-тартысқа түскендерді сабырға шақырып, басу айтқандар да болды.

Мыңға тарта тұрғыны бар Қарасу ауылында 40 адам қоғамдық кеңеске мүше. Бүгінгі жиынға сол қырықтың 30-ы қатысты. Әкім қызметіне кандидаттыққа үміткер төртеу. Олардың әрқайсының аты аталғанда көпшілік қол көтеру арқылы ашық дауыс берді. Сөйтіп 30 адамның 50 проценттен астам қолдауына ие болған екі үміткер кандидаттықа өтті. 

Әмірхан Асанов, Аманкелді ауданының әкімі:

– Аудандық мәслихатта 12 депутат бар. Олар алдында сайлауалды науқанын жүргізеді. Аудандық газетте, әлеуметтік желіде өздерінің бағдарламасын жариялайды. Депутаттар соларды сараптай келе сайлайды.

Тұрғындардың бірқатары әкімді мәслихат депутаттары сайлайтындығына көңілдері толмайды. Егер өзіміз таңдап, тікелей дауыс берсек, талап та, сұраныс та болар еді дейді.

Серік Наурызбаев, ауыл тұрғыны:

– Ауылымызда жаңашылдық күтеміз, жалпы болашағымыз жақсарса деген мақсатта біз әкімді өзіміз сайлағымыз келеді.

Алдағы саяси реформалардың барлығы, халықты мемлекеттік басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мемлекет басшысының өз Жолдауында айтқан осы бір сөздері жұртшылықтың пікірімен үндес. Яғни бұл саладағы үлкен өзгерістердің ауылы алыс емес.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы