420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көше кезген қаңғыбас ит-мысықтар үрейімізді қашырды – оралдықтар

  • 65
  • UPD: 23:29, 16.09.2020

Шаһардың шеткі аумақтарын айтпағанда, орталық көшелер мен демалыс орындарында да иесіз үй жануарлары қаптап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ит-мысықты аулап, оларды биозарарсыздандыруға жауапты кәсіпорын міндетін орындамады. Мердігер тиісті қызметтерді көрсетуден бас тартты.

Көше кезген қаңғыбас иттер тұрғындардың үрейін қашырды. Әсіресе, балалар үшін қауіпті. Салпаң құлақтар көң-қоқыс төңірегінде ғана емес, көшелерде, тынығу орындарында, балалар ойын алаңдарында өріп жүреді. Шаһардың көрікті саналатын аумақтарында да осындай көрініс.

Әділбек Таңжарықов, қала тұрғыны:

– Бұл аумақтағы балабақшаның ауласы қоршалмаған. Қасында Назарбаев зияткерлік мектебі, Тұңғыш Президент алаңы бар. Қаңғыбас иттер бұл жерде толып жүр. Жүріп-тұруымызға қауіпті. Балаларым үшін қатты алаңдаймын.

Аймақтағы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және биозарарсыздандыру қызметі бойынша биыл мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Нәтижесінде бұл міндет «Қарашығанақ Промсервис» кәсіпорнына жүктелген. Мердігер биыл 5 мыңнан астам иесіз үй жануарын аулауы тиіс еді. Бұл жұмыстарға 56,7 млн теңге қарастырылған. Алайда бұл компания жауапкершіліктен жұрдай болып шықты. Құжатта көрсетілген тәлімбақ шын мәнінде мүлде салынбаған.

Балдай Сапарғали, БҚО ветеринария басқармасының бас маманы:

– Конкурсқа қатысқан кезде оларда міндетті түрде тәлімбақ болуы қажет болды. Құжаттарды берген кезде олардың құжаттарында ғимарат бар деп көрсетілді. Бірақ біз оның тәлімбақ па, жоқ па, оны білмедік.

Енді арадағы келісімшарт бұзылады. Қаңғыбас үй жануарларын аулау жұмыстарын алдағы уақытта бір көзден сатып алу әдісі арқылы қала мен аудандардағы ветеринариялық станцияларға жүктеу көзделуде. Әзірше еріктілер өз бетінше әрекет етуде. Оралда иесіз ит-мысықтарды асырауға бет бұрған «Хатико» волонтерлер қозғалысы бар.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Саяжайдағы бұл ескі ғимаратта еріктілер көше кезген үй жануарларын күтіп-баптайды. Қазір мұнда 70-тен астам ит пен 30 шақты мысық бар. Еріктілер жануарлардың көбісін ажалдан аман алып қалған. Мәселен, мына итті кезбелер тірідей жемек болған. Еріктілер оны құтқарып қалды.

Еріктілер қозғалысының жетекшісі Әсел үй жануарларын қатты ұнатады. Көшеде әбден ашыққан немесе ауыр жараланған ит-мысықтарды көрсе, бірден осында әкеледі. Алайда волонтерлер салпаң құлақтар мен марғауларды асырау бағытындағы мемлекеттік конкурсқа қатыса алмайды. Ол үшін тәлімбақ, клиникалық орын, құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек қоры қажет. Қаржының жоқтығы Әселге қолбайлау болып тұр.

Әсел Садықова, еріктілер қозғалысының жетекшісі:

– Біз тендер ойнатылған кезде талаптарды қарап шықтық. Сол кезде-ақ үмітімізді үзгенбіз. Себебі қойылған талаптарға біздің мүмкіндігіміз жетпеді. Қаржы жағынан қиындықтар туындайтынын білдік.

Жыл басталғалы Оралда қаңғыбас иттерден 600-ден астам адам зардап шеккен. Тиісті шара қолға алынбаса, олардың саны артып, келер қауіп те күшейе берері сөзсіз.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұдов

Хабар 24 телеарнасы