420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Самұрық-Қазына: квалификациялық іріктеудің 2.0 моделі енгізіледі

  • 63
  • UPD: 23:27, 16.09.2020

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының сатып алу жүйесіне қатысатындар үшін жағымды жаңалық.

Квалификациялық іріктеудің моделі өзгерді. Енді оған қатысу тегін. Өтінімдерді қарау уақыты қысқартылып, бұл процестің ашықтығы арта түсті.
Квалификациялық іріктеудің жаңа моделі жиналған тәжірибеге, кәсіпкерлер мен тапсырыс берушілердің ұсыныстарына және ескертулеріне негізделген. Оның басты артықшылығы – процестің барынша ашықтығы, іріктеуден тегін өту мүмкіндігі. Сонымен бірге сатып алудың елеулі көлемі бәсекелес ортаға беріліп отыр.

Нұрлан Мұханов, Самұрық-Қазына Контракт ЖШС бас директоры:

- Бұрын квалификациялық іріктеуден өту үшін жеткізушілерге 1 миллион теңге төлеуге тура келді. Бұл сома квалификациялық органның, тәуелсіз аудиторлық ұйымның тарифтерінен және қосымша құжаттарды рәсімдеуге кететін шығындардан қалыптасқан. Енді іріктеудің жаңа 2.0 моделіне қатысу үшін қаржы төлеу қажет емес. Сондай-ақ бұған дейін бізбен жұмыс істеймін деген жеткізушілер 282 сұрақтан тұратын сауалнамаға жауап беретін. Енді ондағы сауалдардың саны 10-нан аспайды.

14 қыркүйектен бастап zakup.sk.kz порталында квалификациялық іріктеудің жаңа жүйесінен өтуге өтінімдер қабылданады. Бұған дейін оларды қарастыру барысы 25-65 күн уақыт алса, енді 10-30 тәулік ішінде өз мәресіне жетеді.

Нұрлан Мұханов, Самұрық-Қазына Контракт ЖШС бас директоры:

- Алдын ала квалификациялық іріктеудің жаңа моделі толық дайын, бәрі автоматтандырылған. Ал іріктеудің бұрынғы 1.0 моделі бойынша процедуралар 15 қыркүйекте тоқтатылғанымен, олардың арасында сатып алулар биылғы жылдың соңына дейін өткізілмек. Іріктеудің 1.0 моделіне жүргізілген талдау одан 4 мың жеткізуші өткенін көрсетті. Бірақ олардың тең жартысы Қордың компаниялар тобындағы сатып алуларға қатыспайтын.

2018-2019 жылдар ішінде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы тарапынан бәсекелестік ортаға 819 млрд теңгеге тапсырыстар берілген. Оған 17 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері қатысуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Самат Әубәкір

Хабар 24 телеарнасы