431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көбейеді

  • 96
Елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көбейеді

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қазір өтіп жатқан Сенат отырысында депутаттар тиісті заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізімін кеңейту. Яғни осыған дейін белгілі бір себеппен аталған тізімнен шығарылған және мақсаты бойынша пайдаланылмаған нысандарды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына қайта қосу рәсімін жеңілдету. Депутаттар мұндай жағдайлардың Бурабай және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде кездесетінін айтты. Сенаторлардың сөзінше, қабылданған заң табиғи кешендерді сақтап, экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жиында Сенат Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Құжатты екінші оқылымда талқылау барысында жоғарғы палата депутаттары Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажет деп тапты. Нақтырақ айтсақ, Қылмыстық кодекстің 412-бабының бірінші тармағын өзгерту туралы ұсыныс жасалды. Еске салайық, талқыланып жатқан заң жобасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде қосымша шараларды енгізуді көздейді.

Хабар 24 телеарнасы