420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да құс тұмауын таратпау бойынша қандай шаралар қолға алынды?

  • 44
  • UPD: 15:25, 17.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы жеті ауданда құс тұмауы тіркелді.

Шығынға батқан шаруаларға өтемақы төленеді. Бұл туралы Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов мәлімдеді.

Сонымен тұрғындар топшылаған құс тұмауы ресми түрде расталды. Ауру Нұр-Сұлтан қаласында жасалған сараптама қорытындысы бойынша анықталып отыр. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 7 мың құс қырылып қалған. Қазір ауры шыққан Якорь, Алабота, Чкалов, Сухарабовка, Тимирязево, Нововрыбинка, Шұқыркөл, Чернобаевка ауылдары мен Сергеевка қаласында карантин жарияланып, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл елді мекендерде құс еті мен оның өнімін сатуға тыйым салынған. Ал құс фабрикаларындағы жағдай белгісіз. Мамандардың айтуынша, кәсіпорындарға кіруге рұқсат жоқ. Бұл құс тұмауы Н-5 түріне жатады. Сондықтан адам ағзасына зияны жоқ.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Республикалық қордан 780 мың доза вакцина бөлінді. Осы вакцинамен барлық құстар егіліп, алдын алу құс тұмауының әрі қарай таралмауына біз әрекет жасаймыз.

Шығынға батқан шаруаларға нарықтағы орташа бағамен өтемақы төленеді. Мамандар өлген құстарды үй-үйді аралап санамақ. Бұл жұмысты прокурорлар да бақылауға алып отыр. Айта кетейік, құс тұмауы Ресейдің шекаралас аймақтарында өршіп тұр. Бұл ретте Қазақстан шекарасында көліктерді зарарсыздандыру бекеттері қойылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы