420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талғардағы өндірістік шу тұрғындардың мазасын қашырды

  • 25
  • UPD: 18:22, 17.09.2020

Талғар өзенінің сағасынан бүгінде тас уату каръерін көруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Ал таңғы 05:00-те оталған ауыр техника түнгі сағат 22:00-ге дейін мұндағы халықтың мазасын алуда.

Себебі өндіріс пен үйлердің арасын тек мынадай сымдар немесе бетон бөліп тұр.

– Даңғұр-дұңғыр. Ұйқы жоқ. Кешке жұмыстан келеміз. Демалмаймыз. Таңертең көзіміз қызарып жұмысқа қайта келеміз.

Үй қозғалғандай болады. Таңертең ұйқыдан жер сілкінді екен деп оянатынбыз. Балаларды далаға шығармаймыз, өйткені қорқынышты.

«Техниканың гүрілдеген дауысы мен шаң-тозаңға үйреніп те қалдық. Бірақ тірнектеп жүріп салған үйлеріміздің қабырғаларының жарылып жатқаны жанға батады», – дейді Жанар Мұқашева.

Жанар Мұқашева, «Кеңдала-Транспортник» бау-бақша бірлестігінің тұрғыны:

– Осы карьердің кесірінен үйдің қабырғалары жарыла бастады. Қыста суық соғып тұрады. Жарылған қабырғадан суық кірмесін деп жамап қойдық. Оны қаншалықты жамай береміз?

Тұрғындардың талабы – өздерімен көршілес жатқан тас-үгіту зауытының жұмысын тоқтату. Бірақ 1997 жылдан бері келісімшарты бар зауыттың өз уәжі бар.

Алмас Төлегенов, тас үгіту зауытының «Оңтүстік» бөлімшесі директорының міндетін атқарушы:

– Бұл үйлердің орналасуы қате. Әрбір өндіріс орнында санитарлық қорғау аймағы болады. Бұл үйлер осы санитарлық қорғау аймағында орналасқан. Сондықтан бұл кісілерге біздегі өндірістегі бүкіл шу да , шаң да, вибрация да барлығы әсер етеді. Өйткені мына арақашықтық дұрыс сақталмады ғой.

Зауыт өкілінің айтуы бойынша әрбір тұрғын үй өндірістен кемінде 300 метр қашықтықта болуы керек. «Бізге тым жақын екенін біле тұра, осы жерлерді сатып алған өздері кінәлі», – дейді. Соған қарамастан, бау-бақша бірлестігі тұрғындарының талап-тілектерін ескеріп, қатты дыбыстарды азайту үшін түрлі шаралар қолданып отырғандықтарын айтты.

Құндыз Хасанова, «Кеңдала-Транспортник» бау-бақша бірлестігінің тұрғыны:

– Бірақ осы учаскелер Кеңес үкіметі кезінде жұмыс жасаған адамдарға берілген еді. Сол кезде 6 соттық саяжайлар болатын. Қазір жан-жақтан қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Үй салатын жағдай жоқ. Баяғыдай үй бермейді. Сондықтан осындай арзан жерден алып, үй салып, сонда тұрып жатыр.

Даудың басы кезінде сол санитарлық қорғау аумағының жерлерін сатқан әкімдікке келіп тіреледі. Одан бері талай әкім ауысып кетті дегенді желеу еткен жергілікті билік өкілдері: «Зауыттың жұмысын тоқтатуға еш негіз жоқ», – деп отыр.

Еркін Алдатаев, Талғар ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмысын заңды жүргізіп жатыр. Біздің тарапымыздан ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Ол жерде қазір 58 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Енді мына тұрғындардың шағымына байланысты әкімшілік тарапынан бізден ұсыныс жасағанның өзінде әлеуметтік көмек көрсетті. Ол әлеуметтік көмекке сол жердегі тұрғындардың суын тартып беріп, жолдар жасалып жатыр.

Тіпті 2021 жылдың 1 қаңтарында келісімшарты аяқталуы тиіс өндіріс 2026 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат алған екен.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы