429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың екінші толқынына дайындық қалай?

  • 236
  • UPD: 20:57, 17.09.2020

COVID-19-дың екінші толқыны болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Мамандардың болжамы осындай. Денсаулық сақтау министрлігі: «Қарекетсіз отырған жоқпыз, қамдандық», – дейді.

Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

– 51 мың адамды күнделікті емдей алатын провизорлық орталықтар ашылуға дайын тұр. Денсаулық сақтау жүйесінде қажетті дәрі-дәрмектер бар. Ауруханалар да дайын тұр.

Қазір коронавирусқа қарсы дәрінің жаңа түрін шығаруға, бұрынғысын көбірек өндіруге басымдық берілді. Қолданыста жүрген препараттардың өзі таралымы бойынша мың есеге дейін ұлғайтылған. Маска да, арнайы костюм де жеткілікті.

Нұрлыбек Асылбеков, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылаушы комитет төрағасы орынбасарының м.а.:

– Медициналық бұйымдар бойынша бізде бұдан бұрын 6-ға жуық өндіруші болса, қазіргі таңда олардың саны 15-тен асып отыр. Маскаларды, костюмдерді жеткізу отандық өндірушілердің еншісінде.

Ал өкпені жасанды желдету аппараты ше? Бір кезде мұның тапшылығын біздің халық қатты сезді. Аппарат іздеп, жер-жерді кезді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Ереже бойынша ауруханалардағы төсек-орын санының кемінде 10%-і осындай аппаратпен қамтамасыз етілуі тиіс», – дейді. Алайда адамға ауа беретін аппараты жоқ ауруханалар да бар.

Алда бұл олқылық жойылар. Аурухананы аппаратпен қамту бір жолға қойылар. Өйткені қазір елордада еуропалық үлгіде 1500 аппарат құрастырылып жатыр. Ал ендігі өткір мәселе – дәрігер тапшылығы. Ірі қалалар мен өңірлердегі денсаулық саласының ұйымдарында 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қалалық жерлерде дәрігерлермен қамту көрсеткіші 57% болса, ауылдық жерлерде 16-ақ процент. Бізде «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама өз дәрежесінде жұмыс жасамайды.

Бүгінде елде 250 мың медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 72 мыңы – дәрігер. Өңір-өңірде ақ халаттылардың тапшылығын жою үшін жастар осы салаға ден қою үшін депутаттар «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылдайық деп Үкіметке ұсыныс жасады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы