427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшоқының мәселесі қашан шешіледі?

  • 166
  • UPD: 20:39, 17.09.2020
Көкшоқының мәселесі қашан шешіледі?

Көкшоқыны көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Ал «шеберлер ауылы» десеңіз, ел елең ете қалады. Өйткені мұнда он саусағынан өнер тамған зергерлер тұрады. Көкшоқының табиғаты тамаша, ауасы таза демесеңіз, тұрғындарының көңілі пәс. Талай жылдан бері толарсақтан саз кешіп келеді екен.

Сәуле Серікбаева, Көкшоқы тұрғыны:

– Көкшоқыда тұрғанымызға 30 жыл болыпты. Біздің сіздерге хабарласқан себеп электр қуаты мен жылу жүйесі, газ, жарық мәселелері бойынша туындап отыр. Балалар қараңғыда қорқады. Жарық жоқ. Бұл жерде тариф неге қымбат? 30 жыл бойы біз неге артық төлеп жатырмыз? Оған кім жауапты?

Жадыра Әбдібаева, Көкшоқы тұрғыны:

– Мұнда 50 жанүя тұрады. Әр отбасыда 3-4 оқушыдан бар. Балабақшаға баратындары қаншама. Бізге қоғамдық көлік те қатынамайды. Жалғыз 28-маршрут бар. Оның өзі біздің ауданға кірмейді. Балаларымыз қас қарайғанда келеді. Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Қаңғыған иттер де көп. 

Көкшоқы 2014 жылы облыстан қалаға өткен. Алматыдағы Бостандық ауданына қарайды. Тұрғындар: «Содан бері талай табалдырықты тоздырып, арыз-шағымдарын айтса да, көл-көсір уәдеден басқа ештеңе көргеміз жоқ», – дейді. Газ құбырының тартылғанына екі жыл болыпты, бірақ әлі қосылмаған.

Көпқабатты үйдегілер пеш орнатып, көмір жағып келген. «Ауызсуды бұлақтан алып ішеміз», – дейді. Біздің түсірілім тобы келгеннен кейін осы жерден әкім қараларда бой көрсетті.

Серік Әділбаев, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары:

– Су мен канализация жүйелері жасалынған. Қазіргі уақытта қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін, яғни қараша айына дейін су мен канализация жүйелері толығымен қосылады. Ал газ жүйелеріне қосылу туралы жұмыстар әлі қарастырылып жатыр. Газды қосу үшін бұл кісілерден қазір техникалық шарт алу керек. Оны алуға 9 жеке тұрғын үйдің 8-інің де құжаттары дұрыс емес.

Шенеуніктердің сөзінен түсінгеніміз мұндағы біраз үй заңдастырылмаған көрінеді. Дегенмен, қарашаға дейін қатырамыз деп уәде берді. Ал тұрғындар әлі де сенбейді. Өйткені құр уәдеге әбден тойып келген. Көкшоқыда 5 көпқабатты және 9 жер үй бар. Тұрғындардың бар ойы: көп қабатқа көмір тасымай, адамша өмір сүру.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы