432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық ұн өндірушілердің брендін өзбектер пайдаланып жүр

  • 241
  • UPD: 22:11, 18.09.2020

Өзбекстанда қазақстандық ұн өндірушілердің тауарлық таңбасын пайдаланып, өз өнімдерін өткізіп жүргендер бар екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды анықтап, жауапкершілікке тарту әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі Өзбекстанның құқық қорғау органдары бұл іске ынта танытып отырған жоқ. «Өзбек азаматтарының қазақстандық брендті пайдаланып, сапасы төмен өнімдерін саудаға шығаруы абырой-беделімізге зор нұқсан келтіреді», - дейді қостанайлық ұн өндірушілер.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл Өзбекстан астанасы Ташкенттің маңындағы бір елді мекенде түсірілген. Сондағы ірі диірмендердің бірі. Ұн салатын дайын қапшықтардың көбі қазақстандық белгілі брендтермен таңбаланған. Әрине, мақсаттары түсінікті, өзгенің атын жамылып, өз өнімдерін өткізу.

Ал оның зардабын біздің отандық өндірушілер тартып отыр.

Видади Юсупов, диірмен кешенінің директоры:

- Бізге өте қатты әсер етті. Оңтүстік Азиядағы өткізу нарығымыздың 30-40%-інен айырылып қалдық. Қарапайым адамның біздің брендпен сатып алған ұны сапасыз болып шықса, әрине, көңілі қалады. Ал біз тұтынушыларымыздың сеніміне ие болу үшін қаншама жылдар еңбек еттік.

Мұндай «жиендік жасаудың» түрін заң тілінде «зияткерлік меншік құқығын бұзушылық» дейді. Ондай қадамға барғандар қай елде де қатаң жазаланады. «Алайда, бұл жерде өзбекстандық құқық қоғаушылар немқұрайлық танытып отыр», - дейді қостанайлық кәсіпкер.

Видади Юсупов, диірмен кешенінің директоры:

- Біз өз күшімізбен сотқа шағымданып, жағдайды бір жақты шешкіміз келді. Бірақ біздің өкілдеріміздің шағымын қабылдамай қойды. Енді бұл іске Ұлттық кәсіпкерлер палатасы араласып, Өзбекстандағы елшілік те ықпал етсе дейміз.

Кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайдан хабардар. Таяуда ол өзекті мәселелер реестіріне енгізіліп, жоғары денгейде қаралатын болды.

Роберт Юсупов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Біз Өзбекстанның өкілетті органдарына ресми хат жолдаймыз. Онда отандық өнім өндірушілердің абырой-беделіне нұқсан келтіретін жайттарды анықтап, тиісті шаралар қолдануды сұраймыз.

Айта кетелік, Орта Азия бойынша ең ірі саналатын Қостанайдағы диірмен кешені биыл айына 200 вагон ұнды Өзбекстан, Ауғаныстанға экспорттауды жоспарлап отыр. Ал кезінде ол жақтарға 300 вагонға дейін жөнелткен еді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы