427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда кәсіпкер тұрғындар қатынап жүрген жолды жауып тастады

  • 230
  • UPD: 22:12, 18.09.2020

Оралда тұрғындардың күнделікті қатынап жүрген жолын кәсіпкер жауып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті атқарушы орган өкілдері қоршалған жер телімі жекенің заңды меншігі екенін айтады. Сол аумақтағы тұрғындар енді аялдамаға баруы үшін 2 шақырымдық айналма жолмен жүруі тиіс. Жолдың өзі жекенің меншігіндегі аумақты кесіп өтеді. Келеңсіз жағдайға тап болған тұрғындар биліктен мәселені жедел шешіп беруді талап етіп отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қаланың Солтүстік-2 аумағында 200-ден адам тұрады. Тұрғындар аялдамаға бір ғана жолмен қатынап жүрген. Жол қаладағы басты көшелердің бірі Сырым Датов көшесімен тоғысады. Жаяу жүргіншілер де, көлік те осы жолмен жүретін. Алайда, жақында жолды кәсіпкер жауып тастады.

Жалғас Дүйсенов, қала тұрғыны:

- Қалаға баратын, келетін, балаларды мектепке апаратын жолымыз осы. 20 жылдан бері жүріп жүрдік осы жермен. Мына айналалар ұйымдар бәрі. Ешқандай шатақ шыққан жоқ. Енді жақында мына жерден кәсіпкер жер сатып алған. Cол «мынау менің жерім» деп жауып жатыр әне.

Көшкінбай Еркінәлиев, қала тұрғыны:

- Жер берген кісі Соколов деген «қалай кіреміз?» дегенде мінекей, сызып берді. «Мынау сіздердің қозғалыстарыңыз» деп. Мынау біздің жолымыз. Осы жолды сызып берді, міне.

Тұрғындар қазір айналма жолмен қатынап жүр. Оны қиямет жолы деп те атайды. Себебі, өте ұзақ. Екіншіден, жекенің иелігіндегі жердің үстімен өтеді. Оған қоса, жолшыбай шөбі қаулаған сай мен көң-қоқыс төгілген алаң тағы бар. Қала билігінің айтуынша, бұрынғы төте жол кәсіпкердікі болғандықтан, қайта ашылмайды. Енді жағдайды саралап, өзге жол ашу тетіктері қарастырылады.

Асхат Көлбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Мәселені шешудің жалғыз амалы – басқа төте жол салу. Қазір талқылап жатырмыз. Алда жауын-шашынды маусым келе жатыр. Сондықтан тез шешуге тырысамыз. Кем дегенде бір немесе екі аптадай уақыт қажет.

Түйткілдің түйіні анық қашан тарқатылары белгісіз. Ал, тұрғындар әзірге көң-қоқысқа толы айналма жолмен қатынауға мәжбүр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұдов

Хабар 24 телеарнасы