430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы каналдардың жартысы жөндеуді қажет етеді

  • 212
  • UPD: 22:28, 18.09.2020

Түркістан облысындағы каналдардың жартысынан көбі жөндеуді және механикалық тазалауды қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл мамандар жалпы ұзындығы 348 шақырым болатын суғару жүйелерін ретке келтірген. Бұл бағыттағы жұмыстар Түлкібас ауданында да жалғасып жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түлкібас ауданы таудың етегінде орналасқанына қарамастан ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Ауа райы қоңыр салқын болғандықтан, мұнда әсіресе, алма бау шаруашылығына аса мән беріледі. Одан бөлек, мал азықтық және бақша дақылдары өсіріледі. Таудың баурайы болғанымен, жергілікті шаруалар жылда ағынсудан таршылық көріп келеді. Оның үстіне каналдардың да тозығы жеткен. Көбі қайтадан жаңғыртуды қажет етеді.

Қуандық Өмірәлиев, Түлкібас өндірістік бөлімшесінің аға инженері:

- Биылғы жылы жауын-шашынның аз болуына байланысты ағынсудың көлемі 30%-ке төмендеп кетті. Соның салдарынан Түлкібас ауданындағы 5 ауылдық округінің тұрғындары мен шаруа қожалықтары ағынсудың тапшылығын көрді. Биылғы жылдан бастап демеушілердің есебінен 15 каналға механикалық тазалау жұмыстары атқарылды. Келесі жылы да 21 каналға бетонмен қаптау жұмыстарын жоспарға енгізіп отырмыз. Үлкен магистральді Құли каналының тарамақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс 2022 жылы аяқталады деп күтілуде.

Өңірдегі каналдарды бетондау шаруаларды үздіксіз ағынсумен қамтып қана қоймайды. Сонымен бірге аудандағы суғармалы жерлердің көлемін мың гектарға дейін үлкейтуге мүмкіндік беретінін айтады мамандар. Жалпы ауданда 111 су нысаны бар. Солардың тең жартысына жуығы механикалық тазалау мен жөндеуді қажет етеді. Түркістан облысындағы Мақтаарал, Жетісай, Созақ, Отырар аудандарында да осындай жағдай.

Денис коновалов, «ҚазСуШар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесінің директоры:

- Жалпы бізде каналдар жеткілікті. Бірақ көбінің жағдайы мәз емес. Жөндеу керек. Біздегі су нысандарының 70%-і тазалауды қажет етеді. Облыста 574 мың гектар алқап каналдармен суғарылады. Бірақ соған қарамастан Президенттің Жолдауында айтылғандай, біз Қазақстандағы суармалы жердің көлемін 3 млн гектарға жеткізуіміз керек.

«Биылғы жылы шаруалар судан тарыққанымен, суғару маусымы жоспарлағандай аяқталды», - дейді мамандар. Айта кетейік, Түркістан облысында 87 негізгі және 1500-ден астам шаруашылық каналдар бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы