432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жыл басынан бері 160 парақор ұсталды

  • 257
  • UPD: 22:57, 18.09.2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарының қомақты парамен ұсталғанын растады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аягөз қаласының әкімі де бір миллион теңгеден астам пара алғаны үшін қамауға алынды. Cудьялар да күдікке ілінді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласының әкімі 1 миллион 200 мың теңге пара алып жатқан кезде ұсталды. Қала әкімін Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  департаментінің қызметкерлері қолға түсірді. Ол кәсіпкерлердің бірінен мемлекеттік сатып алу бойынша көрсеткен қызметін оң бағалау үшін пара дәметкен. Қазір парақор әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осы іске қатысты барлық тараптан жауап алынатын болады. Ал күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.

Жігер Байділдин, облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Күдікті ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде. Нақты шешім сотпен қабылданатын болады.

Жемқорлық фактілері бірнеше облыстан анықталды. Сот ақша бергендердің пайдасына қарай үкім шығарған деген айып тағылды. Күдікке Алматы облысындағы Ұйғыр аудандық соты және Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі ілінді.

Данияр Биғайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:

- Ол ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы бірнеше азаматтық істер бойынша көрінеу әділетсіз шешімдер шығарды деп күдіктенеді. Аталған факті бойынша тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Бір жарым миллион теңге көлемінде пара алған депутат ұсталды. Тараз мәслихат депутаты құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізгені  үшін кәсіпкерден сыйақы ретінде ақша алған. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер екі жүзден астам сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жыл басынан бері 160 парақор ұсталды. Қазірдің өзінде 73 миллионнан астам теңге өтелді.

Хабар 24 телеарнасы