427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«ҚазТрансГаз Аймақ»: Мердігерлер жұмысы талапқа сай емес

  • 166
  • UPD: 23:21, 18.09.2020

Елорданың Көктал-1, Көктал-2, Промышленный және Железнодорожный ықшам аудандары жақын арада газға қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жеке сектор экологиялық таза өнім тұтынуға әлі дайын емес. Себебі, үйішілік газ құбырлары дұрыс жүргізілмеген. Жеке мердігер компаниялар өз шаруаларына жауапсыз қараған. Олардың жұмысынан сан түрлі кемшілік тапқан газ тарату мекемесінің мамандары, жағдай бұлай жалғаса берсе, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес деп отыр. 

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы мамандарының айтуынша, мұндай кемшіліктер жеке секторда жиі кездеседі. Басым бөлігінде, құбырлар қалай болса солай жалғанып, техникалық талаптар толық орындалмай жатыр. Бұл үйдің де қожайыны сапасыз жұмысты кеш байқап, көптен күткен көгілдір отынға қосыла алмаймын ба деп алаңдайды.

Асылхан Жүкен, қала тұрғыны:

- Осында тексеруші кісілер келді. Қай жерде кемшіліктерін қолымдағы қағазға жаздым. 1-2 күннен кейін «Халық газдың» адамдары келді, осы көшені істеп жатырмыз. Енді түзетеміз дейді.

Жеке сектордағы әрбір екінші үйде осындай жағдай. Демек, елорда үйлері газдандыруға толық дайын емес. Жалпы мердігер компания өкілдері үй иесіне техникалық шартты алу керектігін ескертуге міндетті. «Іс жүзінде пайданы ғана ойлайтын олар заң талаптарын бұзумен қатар тұрғындардың қауіпсіздігіне де бей-жай қарауда», - дейді мамандар. Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақ» бүгінгідей арнайы рейдтерді тұрақты ұйымдастырып тұратынын айтты.

Нұрлан Сармұханов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры:

-« ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мақсаты – елордаға көгілдір отынның алғаш рет жеткізілуіне байланысты газ құбырларының дұрыс жүргізілуін қадағалау. Бүгін көріп отырғанымыздай, жеке секторда техникалық талаптар толық орындалып жатқан жоқ. Мұндай жұмысты қабылдап, құбырға газ жіберуге болмайды. Барлық абонент енді мердігерлерге хабарласып, кемшіліктерді түзетуді талап етуі керек.

Енді мердігерлер бұл үйлерге құбырды қайта жүргізуі тиіс. Олай болмаған жағдайда көгілдір отын берілмейді. Қазір шағын аудандарға газ жеткізу жұмысы 85%-ке орындалды. Жалпы ұзындығы 160 шақырым құбыр жүргізілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы