428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда үш күннің ішінде жүрекке 17 күрделі операция жасалды

  • 237
  • UPD: 14:13, 19.09.2020

Ертіс өңірінің дәрігерлері біршама үзілістен кейін шетелдік және отандық әріптестерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі кезде облыстық кардиохирургиялық орталықтың базасында шеберлік сағаттары өтіп жатыр. Оған елордадағы ұлттық ғылыми-медициналық орталығының білікті мамандары да қатысуда. Үш күннің ішінде жүрекке 17 күрделі операция жасалды.

57 жастағы Серік Ибашевтың жүрек қақпақшасы зақымданып, сырқаты асқына берген. Осындай диагнозбен орталыққа түскен. Шеберлік сағаттары аясында науқастың жүрегіне күрделі операция жасалды.

Серік Ибашев, науқас:

– Жүрекке аурытпалық түсе бастады. Демікпе пайда болды. Өзім қазандықтарды жөндеумен айналысамын. Бір сөзбен айтқанда, ауыр жұмыс жасауға жарамсыз болып қалдым. Операциядан соң аяққа тұрып кеттім. Жағдайым жақсарды.

Тәжірибе алмасу аясында 60 жастағы азаматшаның жүрегінің қолқалы қақпашқасын протездеу операциясы жасалды. Бұл – сирек кездесетін хирургиялық шара. Десе де, әр дәрігер осы тектес операцияның әдіс-тәсілін меңгерулері шарт. Операция барысында адам ағзасы жасанды қан айналымына қосылады.

Сәуле Нұрақаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми-медициналық орталығының кардиологы:

– Мақсатымыз: эхокардиография, өңіш арқылы зерттеу, перфузиология, диагностика жасаудың жаңа әдістерімен бөлісу. Бірнеше күн ішінде жүрек-қан тамырлар жүйесінің ауруларына шалдыққан адамдарды тексердік. Жергілікті орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндіктері жақсы. Дәрігерлердің де тәжірибесі мол.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта өкпе артериясының эмболиясы дертіне шалдығу жиі кездеседі. Яғни пациенттің өкпе тамырлары бітеліп, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Бұған дейін консервативті әдістер қолданылса, бүгінде хирургиялық әдістер енгізіле бастаған. Жіргілікті мамандар бұл технологияны меңгерді.

Мұрат Райханов, облыстық кардиохирургиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

– Осы тектес операцияларды өткізу тәжірибемізде бар. Бірақ медицина бір орнында тұрмайды. Технологиялар жаңарып тұрады. Мәселен, жабық контурды қолдану арқылы перфузология әдісі қолданылуда. Яғни операция барысында жүрек жасушалары сақталады. Бұл пациенттің денсаулығына қауіпті емес.

Облыстық кардиохирургиялық орталықта жүрек операцияларының 50-ден астам түрі жасалады. Шеберлік сағаттарының көмегімен озық әдістердің саны арта түспек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы