428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы триатлон саябағының маңына 600 түп тал егілді

  • 261
  • UPD: 18:18, 19.09.2020

Елордадағы триатлон парктің маңына бүгін 600 түп тал егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүкіләлемдік тазалық күні аясында өткен шараға қала тұрғындары мен волонтерлер, депутаттар, министрлер және шаһар басшысы қатысты.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бүгін елордалықтар сенбінің таңын сергек бастады. Бүкіләлемдік тазалық күніне орай волентерлер триатлон парктің маңында жиналып, сенбілік өткізді. Қаладағы тұрмыстық қалдықты жинап, көгалдандыруға бағытталған шараға депутаттар мен министрлік және әкімдік өкілдері қатысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бұл Президентіміздің Жолдауында айтылған үлкен бастаманың басы, тұсаукесері деп айтсақ болатын шығар. Жалпы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік органдардың ғана мақсаты емес. Барлық азаматтарымыздың, қоғамымыздың, мемлекеттік органдардың күшін біріктірген кезде ғана бұл жұмыстар нәтижелі болады.

Бүкіләлемдік тазалық күнін өткізу осыдан 12 жыл бұрын Эстонияда бастау алған еді. Ал Қазақстан соңғы үш жылдан бері қатысып келеді. Өткен екі жылда тұрмыстық қалдықтарды жинаумен шектелген. Биылғы ерекшелік, елордадағы парк маңына 600 ағаш отырғызылды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тал ек, туған жерді түлет деген бар. Мына жер өзі су басып жатқан жер еді кезінде. Есілдің жағасында ертең осындай үлкен орманға айналса, оның түбінде ұрпақтарымыз демалып саяласа, бұл елдің тазалығы, ауаның тазалығы халықтың денсаулығы. Сондықтан әр ағаштың әр адамға беретін пайдасы зор.

Әсем Омар, қоғам белсендісі:

- Экологияның таза болғанынан, қоршаған ортаның ластануынан, ауаның, судың, топырақтың ластануынан Қазақстанда бала сүйе алмай отырған адамдардың отбасылардың саны көбейіп жатыр. Оның үстіне аллергия, онкология, өкпе аурулары сияқты аурулармен ауыратын адамдар 40%-ке өскен. Бұл өте қорқынышты дерек. Бүгінгі пандемия да ауаның қаншалықты таза болуының маңызын көрсетті. Сондықтан экология – сау ұрпақ кепілі.

Президент биылғы Жолдауында елдегі ормандарға 2 миллард, ал қалаларда 15 миллион ағаш отырғызу бастамасын көтерген еді. «Бүгінгі шара соның бастауы болды», - дейді ұйымдастырушылар. «Бірге – таза Қазақстан» акциясы елдің барлық өңірінде өтті.

Хабар 24 телеарнасы