432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық дәрігерлер коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр

  • 207
  • UPD: 22:04, 19.09.2020

Қарағанды облысында індеттің екінші толқыны болған жағдайда 5200 төсек-орын дереу арада пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы ірі модульдік госпитальдің құрылысы аяқталуға жақын. Облыста дәрі-дәрмек пен қорғаныш киімдерінің 1,5 айлық қоры жинақталған. «Сондықтан тапшылық болмайды», - дейді мамандар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Індет кезінде қызмет еткен дәрігердің әрекеті соғыс кезіндегі сарбаздан кем емес. Мына қорғаныш костюмді небәрі 5 минутта киеді. Барлық бөлшектері ережеге сай, рет-ретімен бекітілуі тиіс. Кейде мамандар ауру ошағында 6 сағаттап, кейде тіпті тәулік бойы жүреді. Сондықтан костюмге әбден үйренген.

Қазір облыс бойынша жағдайы аса ауыр 7 науқас бар. Тәулігіне тағы 10 шақты адамнан ауру анықталып жатыр, бірақ көбісінде ауру белгілері байқалмайды. Жағдайлары да тұрақты. Осыдан 2 ай бұрын жедел жәрдемге бір тәулікте 3 мың қоңырау түсіп, 350 орындық госпитальда науқастарға орын жетпей қалған болатын.

Сымбат Қалмұратова, терапевт:

- Ең қиын сәттер – науқастың өкпесінің қабынуы аса жоғары екенін көріп тұрып, көмектесе алмайтыныңды сезіну. Сондықтан өз жауапкершілігіңді сезініп, қолдан келгенді аянып қалмайсың. Бүгінгі күні біз емдеу барысын толық бекіттік. Бір-бірімізбен кеңесіп, протоколды да толық ұғынып жатырмыз. Әлі де ізденіп, әлі де індетті жеңу үшін дайын екенімізді айтқымыз келеді.

Қазір 44 госпитальдің 36-сы консервацияда. «Бірақ олар пациенттерді кез келген уақытта қабылдауға дайын», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері. Дайындалған 5 мыңнан астам төсек-орынның 400-ге жуығы реанимациялық болып жасақталыпты. Өңірде 2500-ден астам оттегі концентраты және 200-ге жуық жасанды желдету аппараты бар. Қазан айына дейін тағы 150 аппарат жеткізілмек.

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір госпитальдарда орталықтандырылған газ жүйесін жүргізу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар 1 қазанға дейін толық аяқталады. Бұған  қосымша 808 оттегі беру орындары ашылады . Себебі бүгінгі таңда оксигенотерапия, антибиалды және вирусқа қарсы терапиядан басқа, өкпені оттегімен қанықтыру аса маңызды. Себебі осы індеттен зардап шегетін де осы өкпе болып табылады.

Облыста 112 жедел жәрдем көлігі бар. Бұдан бөлек, тағы 60 реанимобиль және 3 жылжымалы медициналық кешен әкелінеді. Мұнымен дәрігерлер шалғайдағы елдімекендерде ем-дом жүргізе алатын болады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савин, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы