427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Спортшылар карантиндік шараларды жеңілдетуді сұрайды

  • 241
  • UPD: 22:25, 19.09.2020

Карантин кезіндегі шектеу шаралары спорт саласына да айтарлықтай әсер етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір спортшылар мен әуесқойларға далада жаттығуға мүмкіндік берілді. Ал ғимарат ішінде шұғылдануға салынған шектеулер әлі толықтай алынған жоқ. «Бұл кәсіби спортшылардың жаттығуына кедергі келтіріп отыр» - дейді бапкерлер қауымы.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Демалыс күндері еліміздің астанасында бірқатар карантин шаралары жеңілдетілді. Жекелеген шектеулер алынып тасталғанымен, тұрғындар сақтауы тиіс санитарлық талаптар әлі көп. Олардың біразы спортқа қатысты. Мәселен, жарыстардың ұйымдастырылуына рұқсат етілмейді. Рас, далада жаттығуға мүмкіндік бар. Алайда, оның өзінде спортшылардың топтасуына болмайды. 5 адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Оған қоса, екі метрлік әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс.

Ернар Омаров, кикбоксингтен Нұр-Сұлтан қаласының аға бапкері:

- Ауа райы бұзылып, күн суытып жатыр. Балалардың бәрі көлікпен келе алмайды. Көбі автобуспен жетеді. Олар жаттығып болған соң киім ауыстыру керек. Бұл жағдайда тер қатып, суық тиюі мүмкін. Қазір адамның иммунитеті әлсіреген тұста қауіп бұрынғыдан да арта түседі.

Демалыс күндері спорт залдары жабық. Былайғы күндердің өзінде ғимарат ішінде 5 адамнан артық жаттығуға тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, шектеу жалпыға ортақ болғанымен, әр нысанның ерекшелігі ескерілуі тиіс. Сондықтан бапкерлер санитарлық талаптарды қайта қарауды сұрайды. Оның үстіне, шектеулердің салмағы әсіресе, спорт залдарын жалдайтындарға түсіп отыр. 

Ернар Омаров, кикбоксингтен Нұр-Сұлтан қаласының аға бапкері:

- Барлық бапкердің атынан құзыретті мекемелерге ерекшеліктерді ескере отырып, шектеулердің бір бөлігін алып тастау мәселесін қарастыруды сұраймыз. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, спорт залдарында бұрынғыдай жаттықсақ дейміз. Мәселен, біздің залымыз 300 шаршы метр болса, 30 адамға рұқсат берсін. Бір адамға 10 шаршы метр. Осы мәселелерге назар аударса дейміз.

Ақтаудағы жағдай да осыған ұқсас. 1 қыркүйектен бастап ғимаратта жаттығуға рұқсат етілгенімен адам санына қатысты шектеу бар. Яғни әр спортшыға 5 шаршы метр беріледі.

Айбек Имашев, дзюдодан Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы:

- Дзюдо – күрес болғаннан кейін спортшылар бір-бірімен күресіп жатады. Сол себепті спорт залының жалпы көлеміне 50%-тен аспайтындай рұқсат берілсе дейміз. Ғимаратты өздеріңіз білесіздер, үлкен кеңістік. Сонда да заңға бағынып, 30 адамнан асырмай жаттығу жасап жатырмыз.

Елордада өткен баспасөз мәслихатында жауапты министрлік өкіліне бұл мәселеге қатысты сұрақ қойылды. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басқарма басшысы Роза Қожапова сауалға былай деп жауап берді.

Роза Қожапова, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БК басқарма басшысы:

- Мүмкіндігінше жаттығуларды ашық аспан астында, далада өткізген жөн. Ғимаратта бес адаммен шектелу керек. Спорттық жаттығулар тыныс алу жүйесіне салмақ түсіреді. Жаттығу барысында спортшылар терең демалады. Бұл инфекция жұқтыру қаупін бірнеше есе арттырады.

Елдегі эпидемиологиялық ахуал жақсарғанша бұл шектеулер алынбайды. Яғни, әзірге жекелеген спортшылар ғана ғимарат ішінде жаттыға алады. Ал өзгелерінде күтуден басқа амал жоқ.

Хабар 24 телеарнасы