427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтың шабақтары жіберілді

  • 223
  • UPD: 23:38, 19.09.2020

Оралда Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорын молайту бағдарламасы қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба аясында соңғы екі апта ішінде Жайық өзеніне жарты миллионнан астам бекіре тұқымдас балықтың шабақтары жіберілді. Ғалымдар қауіпсіздік сақталса, балықтардың табиғи ортада тез өсіп-өнетінін айтып отыр.

Арнайы су айдындарында өсірілген балық шабақтары қыркүйектің алғашқы күнінен бері Жайық өзеніне жіберіліп жатыр. Бүгінге дейін бекіре тәріздес 550 мың сүйрік, шоқыр және қортпаның шабақтары салынған. Жағаға дейін тиісті талапқа сай жеткізген мамандар енді олардың табиғи ортада да тез өсіп-өнетініне сенімді.

Артур Түменов, «Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы» БҚОФ директоры:

- Оларды қолдан өсіріп, өміршең жасқа дейін жеткізіп, қазіргі таңда орташа 40-50 грамм болады балықтар, соларды жіберіп отырмыз. Енді ғылыми тұрғыда оның 10%-і қайтадан 7-8 жыл өткеннен кейін бізге үлкен ірі балық болып келеді деп есептейміз

Ғалымдардың айтуынша, бұл шабақтар көп ұзамай Каспийге жетуі тиіс. Бірақ ол үшін ең алдымен су арнасы қауіпсіз болуы қажет. Заңсыз балық аулаушылардың құрған ауынан өзге, суы тартыла бастаған өзеннен жүзіп өтуі де алаңдаушылық туғызады.

Қайрат Ибраев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Соңғы бес жылдан бері су деңгейінің төмендегені байқалып келеді. Бұл еріген қар мен Ресейден келетін судың аздығымен байланыстьы болып отыр. Дегенмен, алдағы уақытта су молайып, өзен арнасы толығады деп сенеміз. Яғни, осы жіберілген шабақтардың өсіп уылдырық шашатын кезі осында болуы әбден мүмкін.

Аумақтық инспекция мамандары қазір өзенде ондаған балық түрі барын айтады. Бірақ кейбірін сирек кездесетін топқа жататындықтан, аулауға рұқсат жоқ. Ал, бекіре тұқымдас шабақтарды су-тоғандарды иелікке алған табиғат қолданушылары өсірген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы