428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия Ертіс өңірінің кәсіпкерлерінің жұмысына тосқауыл бола алмады

  • 251
  • UPD: 11:11, 20.09.2020

Әлемді шарлаған пандемия Ертіс өңірінің кәсіпкерлерінің жұмысына тосқауыл бола алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Керісінше, кәсіпорындардың басым бөлігі нарықтың сұранысына жауап беруді көздеп, шағын өндірістерін дамыта білді. Осылайша, аймақта бұрын-соңды шығарылмаған өнімдер өндіріле бастады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл кәсіпорын бірнеше жыл бұрын шетелден жиһаз бұйымдарын тасумен айналысып келген. Уақыт өте келе импорттық тауардан бас тартып, отандық өнім өндіруге көшкен. Бүгінде бұл цехта тәулігіне 100-ге жуық серіппелі матрас жасалады. Өндірісте қолданылатын металл көрші Ресейден тасымалданады, қалғаны – отандық. Кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 175 млн теңге көлемінде несие алған.

Александр Вайвод, өндіріс бастығы:

- Жаңа өндіріс ошағының ашылуына мемлекеттік қолдау сеп болды. Қазан айында тағы бір құрал-жабдық әкелінеді. Осылайша, өндірістің толық циклын іске қосамыз. Тасымалдауда да кідірістер болмайды. Қазіргі уақытта еліміздің алты қаласында өкілдіктеріміз ашылды.

Бұл кәсіпорын да арнайы киім-кешекті шетелден әкеліп, қайта сатқан. Бірнеше ай бұрын маркетингтік жоспарларын қайта қарап, отандық өнім тігуді қолға алды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 15 млн теңгенің несиесі алынған. Өндіріс пандемия жарияланған кезде іске қосылды. Бүгінде мамандар қауымы обаға қарсы киім тігу технологиясын да меңгеріп алған.

Әділ Сыздықова, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Пандемия кезінде өндірісті қайта бағдарлауға тура келді. Біз облыс дәрігерлеріне обаға қарсы киім тіге бастадық. Осылайша, арнайы киім-кешектің 30 түрін тігетін жағдайға жеттік. Карантин кезінде де, жұмысымыз бір сәтке де тоқтамады. Қолдау барда, еңбектенуге әзірміз.

Жалпы биылғы жылы Павлодар облысының 160 бизнес нысаны мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапқан. Олардың басым бөлігі кәсіпті жаңадан бастаған азаматтарға тиесілі.

Айнагүл Байдәулетова, кәсіпкерлікті қолдау қорының директоры:

- Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер тарапынан негізгі қарызды өтеу мерзімін шегеру туралы өтініштер көптеп түсті. Мәселен, субсидиялау бойынша 204, кепілдендіру бойынша 164 өтініш мақұлданды. Төлем мерзімі шамамен үш айға шегерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар оңтайландырылған режимде, яғни, бір күннің ішінде қарастырылады.

Президент Жолдауында жеке бизнеске қолдау көрсетуді барынша күшеуті керектігі туралы айтылған. Бұл бағытта өңірде ауқымды шаралар қолға алынбақ. Төтенше жағдай кезінде несиелерді қайтару мерзімдері үш айға шегерілді. Осындай көмек 400-ге жуық жоба бойынша көрсетілді. Қазіргі уақытта өнітіштердің екінші легі келіп түсуде. Жұмыстар бастапқы механизм бойынша жалғасады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы