428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның Зайсан ауданындағы ауыл-аймақ абаттанып келеді

  • 217
  • UPD: 13:27, 20.09.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар жөнделіп, абаттанған көшелерге жарық орнатылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 522 миллион теңге жұмсалмақ.

Қамбар Бекенов, тілші:

- «Қаратал ауылының шаңы бұрқыраған шұрқ тесік жолдары жаяу жүргіншілерді әбден әбігерге түсіріп, көліктерді титықтатып бітті», - дейді жергілікті тұрғындар. Көктем мен күз жауын-шашын көбейген кезде даладағы батпақ үйге кіретін. Енді міне, асфальт жолда алшаң басып жүретін болдық деп қараталдықтардың қуанышында шек жоқ.

Әденбек Мазбаев, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Бұрын енді кемшілік осы жол болатын. Кейде жауын жауғанда батпақ болып кетеді. Асфальт салынса тіпті жақсы болады.

Аудан орталығының жолдары да бүтінделіп қалды. Мұнда 8 көшеге асфальт жабынды төселді. Одан бөлек, бірнеше аулалар қоршалып, ойын және спорт алаңдары салынды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жалпы жарты миллиард теңгеге 31 жоба іске асырылып жатыр.

Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

- Оның ішінде ауылдардағы ауыз су мәселелері, әлеуметтік нысандардағы ағымды жөндеу жұмыстары, көшелерді орташа жөндеу жұмыстары. Жұмыспен қамту жол картасының басты мақсаты тұрғылықты жұртты жұмыспен қамту болып табылды. Ол жерде 152 адам жұмыспен қамтылып, жағдай жасалады.

Қатира Өміртаева, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Бейнеге келтірді, жақсы, рахмет бәріміз разымыз. Өркеш-өркешпен жүруші едік, қазір тегіс жол. Ешқандай қорықпаймыз, сүрінбейміз, жығылмаймыз. Бала-шағамыз ойнап мәз болып жатырмыз. Көркейген жерді көріп жанымыз тынышталды.

Зайсанда қазір орталық Арбат абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ тұрғындар өтінішіне сәйкес 300 орындық мектеп бой көтереді. Ал Айнабұлақ ауылында жаңа мәдениет үйі салынады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы