428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы 70 жылдан астам уақыт өлі деп танылған көлде балық пайда болды

  • 206
  • UPD: 13:29, 20.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданында 70 жылдан астам уақыт бойы өлі деп аталып келген көлде балық пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы аумағы екі мың шаршы метрді құрайтын су айдынына биыл көктемде шабақтар жіберілген. Нәтижесі жаман емес. 20 күнде балықшылар су айдынынан 16 тоннадан астам балық аулады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Петр Рудаков – Саумалкөл ауылының байырғы тұрғыны. Қария «елді мекендегі көлде ерте кездері балық болған», дейді. Бірақ тың игеруден кейін су айдынына шаруалар улы бидай төккен деседі. Содан кейін көлде тіршілік нышаны байқалмай қалған.

Петр Рудаков, Саумалкөл ауылының тұрғыны:

- Егін бітік шығып, элеваторда жатқан астық шіри бастаған. Сонда кәсіпорын директоры оны осы маңдағы жарға төктіртіпті. Ал көктемде еріген қар суы тасып, ол көлге жайылған. Содан кейін су қоймасы бүлінді.

70 жылдан астам уақыт халық арасында өлі деп аталып кеткен көлді Андрей Ильин жалға алды. Кейін үш жыл қатарынан судың құрамын зерттеп зерделеген.

Андрей Ильин, жалға алушы:

- Қорқыныш болды, әрине. Аумағы да екі мың гектарға жуық. Дегенмен, ғалымдардың көмегіне жүгініп, су қоймасын барынша зерттедік. Уақыт өткен сайын оның суы аздап дұрысталып келеді. Тәуекелге бел буып, пелядь балығын өсіреміз деп шештік. Өйткені бұл балық ащы суда мекендей алады.

Жобаны жүзеге асыруға 4,5 миллион теңгедей қаржы жұмсалды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Аталған көлге көктемде шабақтар жіберілген. Мінекей, 4-5 айдың ішінде олар жақсы жерсенді. Балық аулау маусымының басталғанына да 20 шақты күн өтті. Соның өзінде балықшылар су қоймасынан 16 тоннадан астам су маржанын ұстапты.

Сергей Микотин, Саумалкөл көлінің қорықшысы:

- Шабақтарды Ресейдің Хантымансиск қаласынан әкелдік. Карантинге байланысты шекаралар жабылып, біраз қиындықтар туындады. Дегенмен, жоспарымыз жүзеге асты. Басында жергілікті тұрғындар «бәрі бекер» деп сенбеді. Бірақ тірі балықтарды аулап жатқанымызды көргенде таң қалып, қуанды. Бұл көлде балық өздігімен көбеймейді. Себебі суы тұщылау.

Алдағы қыста мұнда қар тоқтату жұмыстары жүргізілмек. Осылайша, кезең-кезеңмен көл суын ащыдан тұщыға айналдыру көзделіп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы