427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Итбалықтар мекенінде сенбілік басталды

  • 193
  • UPD: 23:47, 20.09.2020

Каспий итбалығы балық аулауға арналған торға түсіп, өліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы зерттеу жүргізген отандық гидробиология және экология институтының сарапшылары осындай пікір білдірді. Өткен күзде Ақтау мен Түпқараған ауданының жағалауынан бірнеше сүтқоректінің өлі денесі табылған еді. Тұрғындар дабыл қаққан соң мамандар итбалықтар аралына экспедиция жасап, сонда жатқан үш мың келідей ау құралдарын тауып алды. Итбалықтарды қауіптен сақтап, теңізді торлардан тазарту үшін экологтар биыл арнайы сенбілікке шықты.

Жаңа, Теңіз, Подгорный, Рыбачий, Құлалы аралдарының жағалауында және Итбалық архипелагы аралдарының бойында жүз мыңдаған итбалық мекендейтін. Соңғы уақытта сүтқоректілердің саны едәуір азайып кетті. Итбалықтардың қырылуына браконьерлерден қалған ау құралдары себепші болып отыр. Жануарлар торға тез оралып қалады да, өледі немесе торлардың үзілген бөлігіне оралып, жараланады.

Тимур Баймұқанов, «Гидробиология және экология институты» мекемесінің батыс секторының басшысы:

- Жергілікті тұрғындар балық аулаумен күнелтіп отыр, сондықтан да оларға балық аулауға тыйым сала алмаймыз. Біз балықшылардың торларын тастап кетпеуін қамтамасыз ететін арнайы механизмді ойлап табуымыз керек. Жергілікті ауыл әкімдіктері ау құралдарын жинап қоятын жер дайындап берсе деген ұсынысымыз бар. Сонда балықшылар торларын суға тастап кетпес еді.

Итбалықтар мекендейтін аралдарда сенбілік жұмыстары басталды. Экологтар осы айдың аяғына дейін мұнда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жағалауды бос жатқан торлардан және өзге де қалдықтардан тазартады. Тексеру және тазалау жұмыстарына қажетті техникалар жұмылдырылады. Былтыр тап осы маңнан 2850 келідей болатын 500-дей тастап кеткен торлар табылған екен.

Тимур Баймұқанов, «Гидробиология және экология институты» мекемесінің батыс секторының басшысы:

- Осы жоба аясында 2019 жылдың күзінде Түпқараған түбегінің батыс жағалауында жүргізілген өлі итбалықтардың денесін зерттеудің нәтижелері олардың өліміне балық аулау торларына түсуі себеп болғанын көрсетті. Бұл экспедиция 2019 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұйымдастырылып, 3 аптаға созылды. Каспий теңізінің жағалау бөлігіндегі 94 километр аумақ тазартылды. Жағалаудан табылған торлардың көпшілігі моножіптерден және ірі көзді торлардан тұратынын атап өткен жөн. Нақты осылар итбалықтар үшін өте қауіпті болып табылады.

Итбалық аралдарының акваториясындағы тастап кеткен торларды жинау Каспий итбалығының тіршілік ету мекенін сақтап қалу үшін қажет және бұл экологиялық жоба келер жылға дейін жалғасады. Сарапшылар бұл тіршілік иесі көп кешікпей Қызыл кітапқа енеді деген үмітте. Бұл өңірдегі итбалықтарды мүлдем жойылып кетуінен сақтап, оның көбеюіне көмектеседі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы