428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданында игі істер жалғасуда

  • 252
  • UPD: 20:41, 20.09.2020

Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданының орталығында ғұламаның ескерткіші мен аллеясы қайта жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қобыз бен домбыра» монументі бой көтерді. «Қасірет» мемориалы да қайта жаңарады. Бүкіл әлемге әйгілі ұлы ойшылдың 1150 жылдығы биыл ЮНЕСКО көлемінде кең ауқымда атап өтілуі тиіс болатын. Алайда жер-жаһанды жаулаған қауіпті вирусқа байланысты жоспар өзгерді. Бірақ ғұлама ғалымның еңбектерін халыққа кеңінен насихаттау мақсатында халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде әртүрлі форматтағы онлайн іс-шаралар өткізіліп жатыр. Әл-Фарабидің туған жері Отырар ауданында да игі істер жалғасуда.

Әбдіғали Жүнісов, Отырар ауданының әкімі:

– «Даңқты балалар» аллеясы әл-Фарабиге арналған аллея болатын. Енді 1150 жылдыққа байланысты биыл жаңғыртайық, жаңа леп берейік дедік. Себебі осыдан 18 жыл бұрын салынған дүние қазіргі құрылыс материалдары мен жаңа мүмкіндіктер арқылы жаңарып отыр. Әл-Фараби атындағы «Руханият» мұражайы да ойшылдың 1150 жылдығына арналған. Бабамыздың ескерткіші тозған болатын. Жаңғыртып, жаңаша көрсетсек деген оймен осы жұмыстары жүргізіп жатырмыз.

Ғалымдардың айтуынша, Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы қазіргі Отырар ауданындағы Отырар, яғни ескі атауы Фараб қаласында қаласында дүниеге келген. Мерейтой аясында ұлы ойшылдың туған жерінде жүзеге асырылған тағы бір жоба – шағын сәулет нысандарының құрылысы. Олардың арасындағы ең ірісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде аудан орталығына кіреберісте бой көтерген «Домбыра мен Қобыз» монументі. Ауданға келген қонақтар алдымен осы жерге аялдап, өңірдегі тарихи орындар мен киелі жерлердің картасымен танысады. Қазір аудан орталығындағы көшелердің жиегіне аяқжолдар төселіп, абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Сержан Абанов, Отырар аудандық тұрғын үй бөлімінің бас маманы:

– Сонымен қатар ротондалар, қоқыс жәшіктері, орындықтар мен кіші архитектуралық формалар орнату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ темір және ағаш қоршаулар болады.

Жалпы аудан орталығы Шәуілдір ауылын абаттандыруға 180 млн теңге қаржы қаралған. Одан бөлек, демеушілердің көмегімен «Қасірет» мемориалы да жаңғыртылып жатыр. Мұндағы туристер ең көп келетін киелі жердің бірі – Арыстанбақ кесенесі. Жыл сайын оған жүз мыңдаған саяхатшы мен зияратшылар келеді. Жергілікті биліктің ендігі мақсаты – Отырарды әл-Фарабиің отаны ретінде әлемге танытып, туристер ағынын осында тарту.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы