428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған

  • 217
  • UPD: 21:15, 20.09.2020

Павлодарда жылу маусымы басталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, күн сәл суыса, жеке сектор тұрғындары пеш жағуға дайын отыр. Төтенше жағдайлар қызметі осындай жер үйлерді бақылауға алған. Себебі пештің қаупі аз емес.

Геннадий Артёменко бұл үйге екі жыл бұрын көшіп келген. Баспананың құрылысы аяқталмаса да, тұрып жатыр. Өрт сөндірушілер бірінші кезекте осындай баспаналарды тексерді. Себебі мұндай үйлерде өрт қауіпсіздігіне қатысты олқылықтар жиі кездеседі.

Ал Темірғалиндер отбасы үйлерін жылыту үшін бір қыста төрт тонна көмір мен екі текше метр отын жағады. Қожайындары баспананы салған кезде қауіпсіздік ережелеріне баса назар аударғандарын айтады. Жекеменшік секторда өрттің жиі болатындығын ескерген.

Майра Темірғалина, қала тұрғыны:

– Көмірімізді әкелген сайын сақтайтын орнымыз бар. Пешімізді жылда тазалаймыз. Барлық қауіпсіздік ережесін сақтаймыз.

Жыл басынан бері жекеменшік секторда 425 өрт тіркелген. Салдарынан 13 адам көз жұмып, 17 тұрғын зардап шекті. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың үйлерін бақылауға алған. Қазіргі уақытта 2000-ға жуық баспана тексеріліп, қожайындарына пешті дұрыс пайдалану жөнінде ескертулер айтылды.

Шәкір Ахметов, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

– Қолға алынған шаралар аясында 2000 отбасының үйлерін аралап шықтық. 500-ге жуық баспана қайта тексерілді. Кейбіреулерінің мұржаларын тазалап бердік. Жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп улы газ бергіштерді орнатып жатырмыз. Бұл – халықаралық тәжірибе.

Ринат Валишанов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

– Пешпен жылыту жүйелерін жапқыштар көптеп кездеседі. Тұрғындар жылуды көпке сақтағысы келеді. Алайда бұл аса қауіпті. Соңы қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Пештердің мұржалары тазаланбайды. Бұл – жиі кездесетін оқиға.

Облыс орталығында 9 мыңдай жекеменшік үй бар. Олардың барлығы мамандардың есебінде. Десе де, деректер ескірген. Сондықтан статистикалық мәліметтерді тез арада жаңарту көзделіп отыр. Әсіресе саяжайда бой көтерген нысандар бақылауға алынбақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы