432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық көпбалалы ана бала тәрбиесі мен қызметін қатар алып жүр

  • 235
  • UPD: 21:18, 20.09.2020

Біздің қоғамда қызметіне де, бала тәрбиесіне де үлгеріп жүрген аналар аз емес.

Солардың бірі – алматылық Ақнұр Жұмабаева. Бүгін батыр анамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Отбасының негізгі тірегі – ата-ана десек, бүгін – сол ардақты аналарымыздың күні. Карантин болғандықтан, «Алтын алқа» иегері Ақнұр Жұмабаевамен саябақта кездестік. Ақнұрдың есімі көрерменге 2011 жылы таныла бастады. Өйткені сол жылы ол «Қазақстан ханымы» атағына ие болған еді.

Ақнұр Жұмабаева, «Алтын алқа» иегері:

– Жүлделі орынға ие болатыныма мен басында сенбеп едім. Себебі оған қатысқан қыз-келіншектердің әрқайсысы сол жүлделі орынға лайық болатын. 2014 жылы Мальтада өткен халықаралық «Queen of the planet» деген сайысқа қатысып онда гран-при жүлдеге ие болдым.

Бүгінгі таңда біздің кейіпкеріміз – сегіз баланың анасы. Отағасы дәрігер болып жұмыс істейді. Күйеуі жанұяда жалғыз өскендіктен, көпбалалы болуды армандапты. Қазір тұңғыштары – студент, ал кенжелері 1,5 жаста.

Ақнұр Жұмабаева, «Алтын алқа» иегері:

– Бала күтіміне байланысты демалысқа шықпаймын. Себебі жұмысымды жүргізу керек. Сондықтан кішкентай баламды бір жасқа толғанша қасымда алып жүремін. Оған мүмкіншілік бар. Себебі мен өзім заңгермін. Кәсіби медиатормын және бағалаушы-сарапшымын. Жұмыс кестесі ыңғайлы. Сондықтан маған жұмыс жасап үлгеруге, баланы күтуге, оған қарауға мүмкіншілік бар.

Ана мен бала арасындағы байланыс өте нәзік келеді. Бірге туып, бір шаңырақта өссе де, әрқайсысының мінезі әртүрлі болады. «Сондықтан ана психолог ретінде перзентінің жан-дүниесін ұғына білуі керек», – дейді Ақнұр Жұмабаева.

Ақнұр Жұмабаева, «Алтын алқа» иегері:

– Демалыс күндері алдын ала жоспарлап, бірге серуендейміз. Сегіз бала болғаннан кейін әрқайсысы анасының көңіліне ерекше жол тапқысы келеді ғой. Сондықтан әр баламен жеке серуендейміз, қыдырамыз, кинотеатрға барамыз. Жеке-жеке әрқайсысына көңіл бөлуге тырысамын.

«Алтын алқа» иегері: «Баланы жастайынан жауапкершілікті сезініп өсуіне көңіл бөлу керек», – дейді. Ана – тіршіліктің арқауы. Сондықтан аналарымызды ардақтай білейік!

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы