427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында құс тұмауы таралған ауылдар карантинге жабылмақ

  • 182
  • UPD: 18:44, 21.09.2020

Павлодар облысындағы эпизоотиялық ахуал туралы мамандар дәл қазір ақпарат беріп жатыр, деп хабрлайды «Хабар 24».

Баспасөз брифингінде айтылған соңғы мәліметтерді осы өңірдегі тілшіміз Қарлығаш Қасиетовадан сұрап білсек.

Диктор:

- Қарлығаш, сіз байланыстасыз. Бүгін ветеринария мамандары бірнеше аудан ауылды тексеруге кірісті деген ақпар тараған еді. Қазір ахуал қандай?

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Құстардың жаппай қырылуы туралы бірінші болып Ақтоғай ауданы дабыл қаққан екен. Алайда, үй құстарынан алынған сараптамалық материалдар құс тұмауын растамапты. Араға екі апта салып Ресеймен шекаралас жатқан Железинка және Тереңкөл аудандарында үй құстарының ауруға шалдыққаны туралы ақпарат тарады. Эпизотикалық ахуалды анықтау үшін індет ошағы тіркелген аймаққа мамандар арнайы барды. Бұл жолы құстардан алынған патологиялық материалдан құс тұмауының белгілері анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1,5 мыңдай құс қырылған. Қаз, үйрек, тауық, күркетауықтар Железинка ауданы бойынша Жаңажұлдыз, Ақтау ауылдарында, Тереңкөл ауданы бойынша Трофимовка, Жаңақұрылыс ауылдық округінде қырылып жатыр. Мамандар қауіпті індет жабайы құстардан таралғанын айтады. Бұған ортақ су қоймалары себеп болуы ықтимал. Қазір құс тұмауы таралған ауылдарды карантинге жабу мәселесі қаралып жатыр. Ауылдың айналасы қазылып, санитарлық бекеттер қойылады. Құсты немесе құс өнімдерін алып шығуға қатаң тыйым салынады. Індетті аймақтардағы құстардың барлығы түгелдей жойылады. Жалпы облыс бойынша үй құстарының саны 500 мыңнан асады. Оларды тұмауға қарсы егу үшін 465 148 дана вакцина алынған. Аймақта үш бірдей үлкен құс фабрикасы бар. Мамандардың айтуынша, құс фермаларына тұмаудан қауіп төнбейді. Себебі оларда сыртқы ортамен байланыс жоқ. Атап өтерлігі, соңғы рет құс тұмауы Павлодар облысында осыдан 15 жыл бұрын тіркелген.

Хабар 24 телеарнасы